Сыңғырла алғашқы қоңырау

Әне-міне дегенше жаз мезгілі де аяқталып, сағынышқа оранып күз де келді. Жеміс-жидек атаулының барлығы пісіп, орақ науқанының қызған шағы. Жаз бойы оқушыларсыз қаңтарылып тұрған мектеп те әсемделіп, әдемі безендіріліп , жаңа оқу жылына асыққан балалардың алдында мен мұндалап тұр.

Өмірдің ең ғажап сәті – балалық шақ қой, шіркін! Сап-сары күздің алғашқы күнінде білім мерекесінің ашылу салтанатын баяндаймын дегендей қоңырау дауысы да естіледі.

1-ші қыркүйек – Білім күні, қолдарына құшақ-құшақ гүл шоқтарын алып, сыңғырлаған алғашқы қоңырау үнімен бірге мектеп табалдырығын аттауға бара жатқан бүлдіршіндерді көреміз. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев ағамыз

«Тарыдай болып кіресің –

Таудай болып шығасың», – демекші, жүздеріне мейірім ұялаған анасынан кейінгі екінші ана болып табылатын ұстазына гүлін табыстап, жаңадан достар тауып, өмір баспалдағының алғашқы сатысынан аттағалы тұрған «Жас өрендер» болашақ ғұламалар да, данышпан да, ақын мен жазушы да сендердің араларыңнан шығуы әбден мүмкін.

ҚР-ның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бұл әлемді өзгертуді, оны қайырымды етіп, жетілдіре түсуді жоғары адамгершілікпен руханиятқа негізделген білім ғана жасай алады» деген ойлы сөзі еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін дәлелдейді. Олай болса, білімді де талапты жас өрендер қатары көп болғай!.

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Білім күні мерекесі құтты болсын!

 

Негізгі қорларды сақтау
бөлімінің кітапханашысы

Еркебұлан ЕЛЕУСІЗҰЛЫ