Биыл жазушы Қанат Қалиұлы Жойқынбековтың туғанына 85 жыл толып отыр.
Қанат Қалиұлының шығармашылығымен қалың жұртшылық етене таныс. «Махаббат әлдиі», «Азаматтың арманы», «Оралу», «Қуантшы мені», «Біздің ауылдың адамдары», «Замандастар», «Өз қолыңда тағдырың» повестері мен «Әйел өмірі», «Туысқан отбасылар», «Асылыңды жоғалтпа», «Ел Шоңы» прозалық шығармаларын қалың оқырман жылы қабылдады, әрі жақсы бағалады. Жазушы шығармаларын оқи отырып ауыл өмірі, бүгінгі жастарымыздың еңбегі мен ізденісі, күйініші мен сүйініші, махаббат тазалығы, адамгершілік мәселелері жайлы сыр қозғайды. Сонымен бірге замандастарымызға ой салатын шығармалар, достық пен адалдық жайлы толғаулар сөз болады. Құрметті оқырмандар, біреу білсе, біреу біле бермейтін жазушы өміріне қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдім.
Белгілі жазушы, журналист Қанат Жойқынбеков 1937 жылы 2 желтоқсанда Нұра ауданында дүниеге келген. Әдебиетке деген құштарлығы жетегінде Алматыға барып, Мемлекеттік университеттің журналистика бөліміне оқуға түсті. Оны бітірген соң жиырма жылдай уақыт Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жемісті қызмет атқарды. 1980 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне шақырылып, біраз уақыт редакция аппаратында, одан кейін осы газеттің Астана облысы бойынша меншікті тілшісі болды. «Жазушы» баспасында редактор қызметтерін атқарды.
Осындай жауапты журналистік қызметтерде жүріп, ол көркем әдебиет саласында оның проза жанрында қаламды қаламгерлік таныта білді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Сүйіндік Жанысбай өз естелігінде: - «Орталық Қазақстан» газетінде бір бөлмеде отырып, қызметтес болдым, редакция жұмысын істей салып, үйіне асығыс кетуші еді. Оның сырын ол уақытта онша біле бермейтінмін, кейін ұқтым. Сөйтсем, Кәкең жазып жатқан романына асығады екен ғой. Сол жылдары Қанат ағамыз жемісті қызмет атқарды. Күнделікті жұмысымен қоса, көптеген әзіл-сықақтар, әңгімелер мен новеллалар жазып үлгерді. Жазған шығармалары мен фельетондары да тартымды болатын,- деп еске алады.
Жазушы тынымсыз еңбектену арқылы үш кітаптан тұратын трилогия жазады. «Ел Шоңы» деп аталған туынды – қаламгердің үлкен шығармашылық жетістігі. Өз дәуірінде атағы алысқа жайылған тұлғаның халқына қамқорлығы, шешендігі мен ақылмандығы, ел басқарудағы парасаты жайлы баяндалады. Ақмола дуанының бастығының хатшысы, жер бөлімінің бастығы, кейін Нұра бойында болыс болған Шоң Телқозыұлының өз заманында патшадан бес награда алғаны туралы республикалық мұрағаттан алынған деректер де бар. Ел аузында кең тараған естеліктер негізінде жазылғанымен тартымды оқылады, оқиғалары сенімді.
Сонымен қатар ол драматургия саласында да жемісті еңбек етті. Оның бірнеше пьесалары республикамыздың театрларында табыспен қойылды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанат Жойқынбектегі 2003 жылы проза номинациясы бойынша Жарасқан Әбдіраш атындағы сыйлыққа ие болған.
Жазушы Қанат Қалиұлы шығармаларымен мәңгі есте сақталары сөзсіз.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева