Рухани құндылық иесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы Әнес Сарай Төлендіұлы 1937 жылдың  21 қарашасында  Астрахан облысы Володар ауданы Құрмалай ауылында туған.

1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Балық аулау кәсіпшілігінде жұмыс істеген. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде елеулі еңбек еткен. 1966 жылы Балқаш қалалық телевизиясында аға редактор болған.  1971-82 жж. «Жазушы» баспасында редактор, бөлім  меңгерушісі, 1982-84 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1978-97 жж. «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, кейін бас редактор лауазымына ауысты.

1998 жылдан шығармашылық жұмысқа ауысқан. Тілі шұрайлы, әдеби көркем туындылары көпшілік оқырмандарға арналған.Жазушы «Мұнаралар    шақырады», «Қараша   өткен   соң»,  «Бозқырау», «Ақ тымық түн» повестері мен әңгімелері жинағының, «Тосқауыл», «Алтын арал», «Атырау», «Еділ- Жайық»  романдарының,   «Тотиып қалды», «Қу тазша», «Ару Алматы», «Мұңым менің», «Аңсау», «Балуан Шолақ» пьесаларының, «Біз – жастармыз», «Атаман Анненковтың ақыры» киносценарийлерінің авторы. Көптеген әңгіме, повестері орыс, украин, әзербайжан, татар, мари, өзбек, ұйғыр, қытай тілдеріне аударылған. Соңғы жылдары қаламгер қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін зерттеумен шұғылданып, «Мұхаммед пайғамбардың өмірі», «Исатай мен Махамбет», «Асылдың сынығы», «Көнеліктер» атты  елеулі еңбек тындырды. Соның бірі – «Ноғайлы» зерттеуі.

Әнес Сарайдың «Атырау» романына соғыс  жылдарындағы  балықшы ауылдың өмірі мен ондағы Дауыл, Науат, Абзал атты қарапайым еңбек адамдарының сан тараулы тағдыры арқау болған.Тарихи – ғұламалық  зерде көзімен тарихи – шежірелік деректерді, тарихтың көркемдік философиясын дұрыс қолдана білу әрі лайықты түйін түю -  профессор Әнес Сарайдың «Көк түріктері» кітабының басты сипаты болып табылады. Романдар оқиғасы өте тартымды,  тілі құнарлы, қазақ көркем әдебиеті қорына қосылған құнды еңбектер деп танимын. Жазушының еңбектері бағаланып, 2019 жылы Қазақстанның Құрметті жазушысы  атағын иеленді. Қаламгер 2 ақпан 2021 жылы дүниеден озған.

Жазушының он жеті томдық шығармалары жарық көріп, оқырмандардың қолына тиген. Қазақтың әдеби сыны  оны «Теңіз жыршысы» деп таниды. Профессор  Серік Негимов: «Әнес Сарайдың тарихи ой - тұжырымдары – Ұлы дала елінің шарайнасы іспетті»,- деп тауып айтқан екен.

Құрметті оқырман! Жазушы шығармаларымен танысып, оқығыңыз келсе, кітапханамыздан табылыңыз.

 

Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы басшысы: Батенова В.Р.