Алаштың асқақ үнді арыс ұлы

Жазушы, драматург Д.Исабековтың туғанына 80 жыл

Белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданына қарасты Ленин жолы колхозында дүниеге келген. Дулат Исабековтың балалық шағы қиын болса да, қызыққа толы болды. Ауылда мақта теріп, даланың жантағы, шеңгелі болып өседі. Мектепке әдебиет сабағын ерекше жақсы көрген бала Дулаттың 7-8 сыныптардан бастап роман оқуға көңілі ауады. Сол жылдары әлем әдебиеті классиктері қазақша шығып жатқандықтан, олардың шығармаларын қызығып оқиды. Ол әсіресе, А.Гончаревты сүйіп оқыды. Оның романдарын мектеп қабырғасында жүріп-ақ оқып бітіреді. Тіпті, жазушыға еліктеп «Мақташылар» деген әңгіме де жазады.

Шығармашылық жолындағы алғашқы әңгімесі 1963 жылы «Жолда», «Замандастар» атты жинақта жарияланды. 1966-1975 жылдар аралығында «Бекет», «Ащы бал», «Мазасыз күндер», «Қара шаңырақ», «Тіршілік» атты повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» романы жарық көрді.  «Әпке» қанатымен су сепкен қарлығаштай, бауырлары үшін бар қызығын құрбандыққа шалған қазақ қыздарының типтік образы жайлы туынды. Бауырына туған баласынан да артық қарау қазақ қыздарына ғана тән мінез. Міне, осы тақырыпқа қалам тербеген жазушы қанша жыл өтсе де сахнаның төрін бермеген «Әпке» туындысын өз өмірі бойынша әпкелеріне арнап жазады. 

Екі адамның ең шынайы, кіршіксіз махаббаттары  суреттелетін «Қарғын» романы көпшілікке жаңаша үлгіде, тың туынды ретінде таралды. Оның алдындағы көпшілік шығармаларда баяндалатын махаббат хикаясы ауыл тұрмысын, қазақы қоғамдағы әйелдің бас бостандығын айтудан арыға аспайтын. Қарғын желісі өзгеше өрілген, қала мәдениеті мен адамдар арасындағы ішкі арпалыс, сезімге тұсау салу, шынайы ғашықтық, өзін-өзі алдау сынды психологиялық  құбылыстар әр кейіпкердің бойынан табылған. Образ ашу барысында автор кез келген кейіпкерін шынайы суреттеген. Әр кейіпкер өз болмысының сан қырында сөйлейді. Романның басты кейіпкерлері – Бағила мен Жасын. Қазақ шығармаларындағы оқыған, көзі ашық, биік  интеллект типаждардың ішінде Жасын бейнесі оқ бойы оза шауып, алда жүретіні айқын. Неге?!

«Сүйекші» повесіндегі басты философиялық ой – қауқарсыз жалғыздық. Кедей отбасында өмірге келген Тұңғыштың ештеңеге ұмтылмай, ешқандай мақсатсыз өмірден өтуінің сыры неде? Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырдың адамзат әлеміне соншама қасірет әкелуінің себебі бар ма? «Сүйекші» повесі оқырманды ойлануға үндейді. Жазушы қарапайым ғана жанның көкірегіндегі құпияға үңілуге тырысады. Шығарма кейіпкері Тұңғыштың  мына өмірдегі кері кету процесі көрсетеді.  Бұл жерде Тұңғыштың Үндемеске айналу процесі. Тұңғыштың осы сипатында руханилықтан жұрнақ қалмаған, сезімдік қасиеттері өліп кеткен Үндемеске айналған шағына дейінгі аралықта, жеке адамның үлкен тағдыры жатыр.

Бүгінде қаламгердің еңбектері тек елімізде ғана емес, сонымен қатар халықаралық режиссерлар мен өнер майталмандарының үлкен мәртебесіне ие. Оның «Гауһар тас», «Дермене» туындылары бойынша еліміздің режиссерлары көркем фильмдер түсірді. 

Жазушының осы шығармаларын кітапхана қорынан алып оқи аласыздар.

 

Абонемент бөлімінің басшысы: Зарубекова Ж.М.