«Қаһармандық өнегесі»

Генерал Иван Васильевич Панфиловтың туғанына 130 жыл

Қолым бар деп ойлама,
Миллионға мыңын санамай,
Кешегі өткен Панфилов
Қолбасшы еді осындай,
Заманға туған данадай.

А.А. Бек «Волоколамск тас жолы»

 

Генерал Панфиловтың ерлігінің мәні неде еді?  Командир ретінде, адам ретінде қандай жан болған? Генерал Панфилов хақында көп жазылып, көп айтылып жүр, дегенмен көп ақпараттар жаттанды пікірдің аясынан шыға алмай тұр. Батырдың ерлігі жайлы жазылған шығармаларда да генералдың бейнесі толық жасалына қойған жоқ. Тек Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты үш бөлімнен тұратын повесінде Иван Васильевич Панфиловтың бейнесі басқа қырынан ашылған. Көпшілікке мәлім, Иван Васильевичке соғыстың бас кезінде Алматы қаласында Қазақстанның ұлдарынан 316-атқыштар дивизиясын құру тапсырылған болатын. Оның құрамы басшы құрамды қоспағанда, арнайы әскери даярлықтан өткен кадрлардан емес, жұмысшы, колхозшы жігіттерден тұрады. Тарихта бірде-бір генерал мұндай толық әскери даярлықтан өтпеген, жаңадан шақырылған әртүрлі кұраммен соғысқа қатысқан емес. 316-атқыштар дивизиясы сияқты жауынгерлік құраманы ұйымдастыру - бұл үлкен іс.  Генерал Иван Васильевичтің ең алғашқы сіңірген еңбегі оның ұйымдастыра білушілік қабілетінен көрінді. Аталған повесть  ұрысты ұйымдастырушы - Иван Васильевич Панфиловтың тұлғасын керемет бейнелеген.

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Иван Васильевич: «Біз түз халқымыз, бізге орманның ішімен жүруді үйреніп қана қоймай, сонымен қатар осындай жағдайда ұрыс жүргізе білуге дағдылануымыз керек, ал уақыт болса тапшы, асыға түсу қажет...»- деген екен.  Қысқа уақыт ішінде, небәрі бір-ақ айда, ол педагог әрі командир ретінде өзінің жауынгерлік құрамын орманның ішімен жүруге де, сондай-ақ соғыса білуге де үйретті. Осыншалықты қысқа уақыт ішінде әскерлерге психологиялық және басқа да ықпал ететін маңызды табиғи факторларды игеру, бірде-бір генералдың қолынан келген емес десек артық болмайды. Бұл генерал Панфиловтың сіңірген тағы бір ерең енбектерінің бірі еді.  

Ұлы Отан соғысы басталысымен генерал Панфиловпен бірге 316- атқыштар дивизиясын жасақтап майданға аттанғандардың ішінде - қаһарман Бауыржан Момышұлы да болды. Онда Бауыржан немістермен Мәскеу түбінде болған ұрыстарға қатысып, ерлік істер жасады. Тап осы сұрапыл соғыс жылдарында ол өзінің асқан ерлігімен, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгерген білікті жауынгерлік қасиетімен ерекшеленіп, атақ-даңқы аңызға айналған.

Генерал Иван Васильевич біртуар әскери ойшылдардың бірі болатын. Біртуар қолбасшы адам болу үшін өжет, батыл, тактика мен әскери стратегияда жаңашыл болу қажет. Ол әскери ойлауда артықшылыққа, басымдылыққа ие болды. Сондықтан өзінің дұшпанына қарағанда тактикалық жағынан әлдеқайда икемді болды. Өзі енгізген және бірсыпыра ауыр ұрыстарды жеңіспен аяқтауға көмектескен оның жаңашылдығы - Панфилов серіппесі болатын.

1941 жылы 18 қарашада генерал-майор Панфилов қаза тауып, ұлы Отанының даңқы үшін өз өмірін берді.

Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті бет қана емес, сонымен қатар ол халықтарымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының, бірлігінің дәлелі. Жеңісті өсіп келе жатқан жас өрендеріміз  генерал Панфилов сияқты батырларымызды ұмытпай, санасына сіңіріп, көкейіне түюі тиіс.

 

Кітапханамыздың оқу залдары бөлімінде «Аты аңызға айналған батыр» атты кітап экспозициясы ұйымдастырылды. Көрме сөрелерінен  Бауыржан Момышұлының «Генерал Панфилов» (Алматы, 2010), «Соғыс психологиясы» (Алматы, 2022), сондай-ақ, «Панфиловцы: Наша гордость, наша слава» (Алматы, 2020) және Валентина Панфилованың «Мой отец» атты еңбектері орын алды. Сондай-ақ, көрме сөрелерінде мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген танымды мақалалар да орын тапты. Құрметті оқырман, ұсынылған көрме әдебиеттерімен жақынырақ таңысқыларыңыз келсе, сіздерді кітапханамыздың оқырман залында күтеміз!

 

Оқу залы бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова А.Д