«Актер өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп»,- деп белгілі театр сыншысы болған Ә. Сығай айтқандай, күрделі мамандыққа бас тіккен қазақ актерлері мен актрисалардың қатарында шоқтығы биік тұлғалардың бірі – Бикен Римованы айтар едім.
Биыл Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қырғыз Республикасы өнерінің еңбек сіңірген қайраткері, актриса – Бикен Ырымқызы Римованың туғанына 100 жыл толып отыр. Киелі сахнаның қыр-сырына қанығып, көзі ашық сан мыңдаған көрерменнің көңілінен шығарлықтай образды нанымды етіп бейнелей білу – актрисаның ерен еңбегінің, тынымсыз ізденісінің жемісі екені сөзсіз. М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында жұмыс істеді. Осы театр сахнасында 60 жылға жуық өмірін өнерге арнаған талантты актриса театр сахнасында қазақ және шетелдік драматургтерінің пьесалары бойынша 170-тен астам рөлдерді сомдаған.Тұңғыш ойнаған рөлі – Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері - Ақтоқты» трагедиясындағы Мәрзияның рөлін сәтті алып шыққан.Ол көптеген рөлдерді орындауымен қатар, қазақ сахнасында замандастар образын жасауға елеулі үлес қосқан тұлға.Театрдағы жұмысымен бірге Б. Римова 1955 жылдан бастап киноға да түсе бастады. Ол ойнайтын рөлінің өзіне тән ой - мінезін, тағдыр талқысын терең ашып, даралық сипат беруді орындаушылық өнерінің басты мақсаты тұтатын өткір мінезді актриса болған.Ол «Тақиялы періште», «Менің атым – Қожа»телефильмдерде,«Тоғысқан тағдырлар» сериалында және т.б. алғашқы отандық телехикаяларда ойнады.
Бикен Ырымқызы – «Абай - Әйгерім», «Қос мұңлық» сынды пьесаларды дүниеге әкелген драматург. Сонымен қатар ол әдебиет әлемінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. «Еңлікгүлім», «Өнердегі өнегелі өмірлер» атты қос кітаптың авторы.
Қазақ мәдениеті мен өнерінде ерекше орын алатын дара тұлға Бикен Римованың өмірімен шығармашылығы туралы біздің кітапхана қорында көптеген құжаттар жинақталған.
Оның ішінде: М.Қожахметованың«Әлем-әуен» (Алматы, 1983) атты еңбекте «Қиялда тоғысып сан тағдыр» атты мақаласында Бикен Римованың актерлік болмысымен қатар шығармашылығы туралы, кино мен театр сахнасында бейнеленген актрисаның қазақ әйеліне тән мінезі мен ерекшелігіжазылған.
Б.Құсанбектің «Өмір - өзен» (Алматы, 2017) жинағында көрнекті қоғам мен мемлекет, әдебиет, өнер қайраткерлерімен қазақ теледидарында жүргізген сұхбаттары енген. Автор:«Адамның өмірінде әр кездері бір таңдау тұрады. Сол таңдаудың ең маңыздысы: мамандық таңдау, жар таңдау, дос таңдау», - деп Бикен Римова жайлы мағлұматтарды «Театр – киелі өнер» атты танымды сұхбатында жариялаған.
Ф.Шәріпованың «Фарида Шарипова» (Алматы, 2006) жинақта Шәріпованың өз замандастары мен әріптестері туралы ой толғайтын материалдар топтастырылған. Өнер иесі Бикен Римова туралы «Бикен апа - Бикеша»атты мақаласында қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына өнерлі актрисаларымыздың сахнада қатар өнер көрсетулері туралы кеңінен жазылған.
Әйгілі қазақ актрисасы Бикен Римованың шығармашылығы жайында қалам тербеген жазушылардың мақалалары баспасөз беттерінде жарияланған. Солардың бірі Ш.Әлдибекұлының «Өлмес мұра қалдырған» (Қазақ әдебиеті. - 2006. - 19 мамыр), М.Күмісбектің «Би - апаның биік тұлғасы» (Егемен Қазақстан. - 2022. - 8 қараша), «Өмірден сәукеле киіп өткен жан» (Парасат. - 2020. - № 5/6) т.б мақалалар бар.
Актрисаның жүріп өткен шығармашылық жолы, тыныс – тіршілігі, айналасымен жасаған қарым қатынасы келер ұрпақ үшін осындай жол көрсетеді. Сахнадан алпыс жылға жуық уақыт көрерменмен сырласқан, сыр ұқтырған заманымыздың бірегей өнерпазы Бикен Римованың есімі, оның ойнаған кейіпкерлері, адами әлемі, жазып қалдырған мұралары халық есінде ұмытылмастай болып сақталып қалды. Халқымыздың мақтанышына айналған Бикен апамызда қазақ театрының іргетасын қалаған туа бітті талант бар. Қазақтың бүкіл болмысын бойына сіңіріп, сол арқылы өнерге келген.1975 жылы шаңырақ көтерген. 2000 жылы талантты актрисаның есімі Талдықорғанның қазақ драма театрына берілді.
Өмірінің соңына дейін сахна төрінен түспеген айтулы өнер иесі 2000 жылы 77 жасында 6 қаңтарда Алматы қаласында дүниеден өтті.
Құрметті оқырмандар, Қазақстанның халық әртісі, актриса – Бикен Римова жайында жазылған еңбектері мен ол туралы жазылған мақалаларды біздің кітапханамыздан таба аласыздар!
Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз
ету бөлімінің кітапханашысы: Шохшина Ж.С.