«Адамды адам еткен – кітап,
Адамзат еткен - кітапхана» - деп, Әбіш Кекілбаев айтқандай, кітап – адамның жан - дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі. Адамзат үшін ғасырдан ғасырларға жалғасып қызмет етіп келе жатқан ғылым мен өнердің, соның ішіндегі сөз өнерінің туындысы, ғалым адам мен қаламгердің жемісі.
Құрметті кітап сүйер қауым! 14 ақпан барлық оқырмандар үшін маңызды күн деп есептеймін. Себебі, бұл күні 2012 жылдан бастап – «Халықаралық кітап сыйлау» күні деп белгіленді. Сол жылы Эмми Бродмурдың бастамасымен халықаралық кітап сыйлау мерекесі тойланып келеді. Эмми Бродмур – әлеуметтік желінің блогері. Оның баласы Эммиге дәл осы күні «Неге адамдар бір – біріне ешқандай себепсіз кітап сыйлайтын күн жоқ?» - деген сауал қояды. Ешқандай жауап таба алмаған Эмми осы күні «Кітап сыйлау күні!» - деп белгілеп, әлеуметтік желі арқылы мерекенің танымалдылығын арттырған. Күнтізбедегі жас мерекелердің бірі саналатындықтан оның мақсаты – оқырмандарды кітап оқуға, кітапқа деген қызығушылықтарын арттыруға шақыру. Мерекенің ережесі бойынша кітап оқуды жаны қалайтын әрбір оқырман осы іс-шараның басты мақсаты ретінде бір – бірлеріне кітап сыйлайды. Сол арқылы жас ұрпақтың кітап оқуға деген ынтасын арттыруға болады. Осы үрдіске жыл сайын әлемнің 30-дан астам елдері қатысады.
Ең алғашқы болып Қарағанды қаласында біздің кітапхана 2012 жылы 11 қазанынан бастап «Букроссинг» аймағын ұйымдастырып, жұмыс жасап келеді. Букроссинг оқырмандарының басты ұстанымы «Өзің оқы да, өзгеге табыста...» яғни, әркім өзіне ұнаған кез-келген кітапты тегін таңдай алады немесе оқырмандар букроссинг аймағына өздерінің оқыған кітаптарын сыйлайды.
Кітапхананың қорын толықтырудың бір көзі - сыйға тартқан кітаптар болып табылады, осы орайда айта кететін жайт былтыр «Балалар жылы» аясында Қарағанды қаласы білім бөлімінің №2 оқушылар сарайына біздің кітапханамыздан букроссинг аймағы бойынша отандық және шетелдік көркем әдебиеттің әртүрлі жанрдағы кітаптарымен қатар, жастар мен балаларға арналған кітаптары сыйға тартылды. Кітапханадағы букроссинг аймағының ерекшелігі кітап сөрелері әрдайым айналымда жүріп тұрады. Жыл сайын аталып өтілетін мереке 14 ақпан күні дәстүрлі түрде «Кітап сыйлау» акциясын ұйымдастырады.
Жыл басынан бері жеке авторлар мен баспа үйлерінен кітапханамыздың қорына сыйға тартылған кітаптарды атап өтсем: Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына ұлттық ғылыми практикалық орталығынан» келген «Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек» (Астана, 2022ж.) атты жинаққа шетелдердегі архивтерден, кітапханалардың сирек қолжазбалар қорына Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлердің еңбектері, оларға қатысты құжаттар енгізілген. С.Алпысовтың орыс тілінде шыққан «Почему Казахстан не Норвегии и Казахстана» (Қарағанды, 2022ж.), Сібір әдебиеті кітапханасынан Ю.Магалифтың «Сказки - Новосибирск» (Новосибсрск, 2021ж.), Новосібір жазушаларының жинақталған повесі «На два голоса» (Новосибирск, 2021ж.) және Ю.И.Бернадскийдің «Уходя к заповедным местам» (Новосибирск, 2020ж.) деген кітаптары сыйлыққа келіп түсті. Алдағы уақытта аталған кітаптар өз оқырмандарына жол тартады.
Кітап – заманалар толқынында тербеліп, қымбат қазынасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі. Білім көкжиегіңіз кеңейіп, ойыңыз озық болсын десеңіз кітап оқуды әдетке айналдырыңыз қымбатты оқырман! Жыл сайынғы дәстүр бойынша жалғасатын акция оқырмандарының қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз!
Ақпараттық - библиографиялық қамтамасыз ету
бөлімінің кітапханашысы: Ж.Шохшина