Жеті шекті шертпелі аспап

«...Ағашқа тиек бекіген,

Ішек саны жетіден.

Үні нәзік жағымды

Аспап түрі – жетіген...»

Бабаларымыз жырлағандай, жетіген – жеті ішекті, шертіп ойнайтын музыкалық көне аспаптардың бірі. Қалай пайда болғандығы жөнінде ғылыми тұрғыда нақты зерттелмеген. Бір кездерде аты тұрмақ заты да көзден таса, көңілден ада болған бұл аспаптың қайта жаңғырып, өмірге келуіне үлкен күш салып зор еңбек еткен этнограф, ғалым – Болат Сарыбаев еді. Ол жетігеннің атын да, затын да тауып оның қазақ музыка аспабы екендігін ғылыми негізде дәлелдеп берді.

Аспаптың пайда болуы жайлы ел аузында «Жетігеннің жеті әуені» деп аталатын аңыз да бар. Оқыстан жеті баласынан айырылған қария аспаптан қайғыға толы көп дыбысты ала отырып, өзінің балаларының бейнелерін көрсетеді.Бұл шығарылған әуендер мұнан әрі дамытылып, аспапты орындаудағы күй - пьеса  түрінде бізге «Жетігеннің жетеуі» деген жалпы атпен жеткен. «Жетіген» деген атауының өзі «жеті» және «ән» деген ұғымнан құралған. Аспап тұтас ағаштан ойып жасалған терімен қапталған, бұрауы жоқ. Сондықтан оның құлақ күйі жеті асықты ілгері, кейінді орналастыру арқылы келтіріледі. Дыбыс ішектерді саусақтармен іліп қағу арқылы шығады. Ішектері аттың қылынан жасалады. Қазақтың музыкалық аспаптары - ғасырлар бойы ұрпақтан – ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұра. Жетіген - қазақ халқының музыка мұрасында жоғалып, қайтадан қалпына келтірілген ішекті - шертпелі қайталанбас дыбыс ерекшелігіне байланысты, ел арасында кеңінен танымал бола бастаған музыкалық аспап. Қазіргі кезде жетіген аспабын насихаттап жүрген жерлесіміз Қарақат Әбділдина өзінің «Өнер мектебін» ашып, жетіген аспабымен жас бүлдіршіндерді тәрбиелеп жүргені көңілге қуаныш орнатады.

Жетіген аспабы жүздеген жылдар өтсе де сол баяғы қарапайым қалпында қала бермек. Осынау ата - бабамыздан бізге жеткен, аспабын құрметпен қарап, ұрпақтан - ұрпаққа мұра етіп қалдыру біздің мақсатымыздың бірі болмақ!

Біздің кітапханамызда ұлттық аспаптар жайлы көптеген құжаттар жинақталған, оның ішінде Б.Сарыбаевтың «Қазақтың музыкалық аспаптары»(Алматы,1981 ж.), «Қазақ композиторлары және музыкалық аспаптары» (Алматы, 2008 ж.) Т.Амандықұлының «Жетіген» (Астана, 2014 ж.) және т.б.

Құрметті оқырмандар! Музыкалық аспаптар жайлы кітаптарды кітапханамызға келіп оқуларыңызға болады.

 

Негізгі қорларды сақтау

бөлімінің кітапханашысы: Осатаева.Т.М.