Сөзі қалған орнында

Биыл туғанына 85 жыл  толған  Халықаралық  «Алаш» сыйлығының иегері танымал әдебиетші, талғамы биік, толғамы терең сыншы-ғалым Зейнолла Серікқалиұлы  10 ақпанда 1938 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржау ауылында туған. Ұлттық университетті 1960 жылы, пединститут аспирантурасын 1968 жылы бітіріп, «Қазіргі қазақ тарихы романының кейбір мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертацияны 1969 жылы қорғап шыққан.Сыншы «Пионер», «Жұлдыз» журналдарында, «Социалистік Қазақстан» газетінде, басқа да жерлерде жауапты қызметтер атқарған. Жарық көрген еңбектері   студенттерге оқу құралы ретінде ұсынылса, жекелеген мақалалары татар, неміс, түрік,орыс тілдерінде жарияланған. Көптеген пьеса мен әңгімелерді, көп томдық «Өнердің ықшам тарихын», «Мәдениет және өнер» сөздігі терминдерін қазақ тіліне аударушылардың бірі.

Қаламгердің «Ойлар, толғаныстар» атты тұңғыш жинағы 1967 жылы жарық көрген.Сол кезеңде республикалық баспасөз беттерінде жиі-жиі жарияланып, қалың оқырман қауым мен әдеби жұртшылықты кез келген мақалалары  жазылу мәдениетімен, ой-пікір сүбелілігімен тамсантқан. Жазушы қаламынан туған «Жылдар сазы» (1971), «Ақыл таразысы» (1976), «Ақ жол» (1990), «Дүниетану даналығы» (1994), «Тағдыр және біз» «(1996), «Сын кітабы» (1997)  «Алтын жамбы», «Жандауа»  кітаптары қалың оқырманын өзіне тарта білген шынайы да көркем туындылар болып табылады. Алғашқы 9-сыныпта жазған сын мақаласы Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандарына» арналған.  Екеуі әкелі-баладай өмірден сыйласып өткен екен. Сайлаубек Жұмабек: «Зейнолла Серікқалиұлының жаратылысы – Шын сыншы, тағдыры – Шын сын екендігіне қапысыз көз жеткіземіз.Қапысыз мақтан тұтамыз»,- деп  барша оқырманның  ойын  тауып айтқан. Балалық шағында қысы-жазы өзеннен балық аулап, суға түсу,жүзу, мұзда коньки теуіп сырғанауды, кітап оқып, домбыра, мандолинаны  тартуды ұнатқан. Студент шағында  университет оркестрі құрамында сахнаға шыққан. Зекең  шебер шахматшы, ұйып тартатын күйлері  «Қара бас» пен «Кішкентай» болған. Кіммен араласса да, қайда жүрсе де, адалдықтың ақ туын  көтеріп жүрген азаматтың кітаптарын оқығандар  оның әдебиетке, сынға барынша  адал екеніне көздері жетеді.Кітапханамыздың қорындағы сыншы кітаптарын, ол жайлы баспасөз беттеріндегі мақалаларды және «Шапағатты парасат» атты Зейнолла Серікқалиұлын еске алу кітабын оқуға шақырамын.

 

                              Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы кітапханашысы: Ахмадиева А.С.