Биыл Қазақстанның Халық қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі партизан, Қасым Қайсеновтің туғанына 105 жыл.
Ол 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында дүниеге келген. Туған ауылында жеті жылдық мектепті бітіргеннен соң Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп оны 1938 жылы бітіріп шығады.
Бұдан кейін Қ.Қайсенов 1938-1939 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспекторлық қызмет атқарады. Ал 1939 жылы әскери-барлаушылар мектебіне қабылданып, ол оқу орнын 1941 жылдың күзінде бітіреді. Сол жылы ол Украинаға партизан отрядын құру үшін жау тылына аттанады.
Украина жеріне алғаш табаны тиген Қасымды көрген Кеңес әскерінің сапындағы көп ұлттар бұдан бұрын қазақ деген ұлттың атын естімеген болып шығады. Орыс-украиндер оның атын атауға тілі келмегесін, алғашқы сәттен-ақ «Василий, Вася» деп атап кетеді. Ол жерде Қасым Қайсенов Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Одан кейін 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украинаның Закарпатье, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді.
1944 жылы Украинаның Закарпат, Карпатты азат етуге қатысқан. Оқ пен оттың ортасында жай оғындай жарқылдаған Қасым Қайсеновтің қайсарлығы мен ерлігіне кеңес жауынгерлері қайран қалысады. Карпатты қақ жарып өткен жорықта құрама командирі Александр Тканко: «Қасым, сенің бұл ерлігің Карпат шыңының тасына жазылуға тиіс»,- деген екен.
Соғыстан кейін бейбіт еңбекке араласып, Қазақстан Жазушылар одағында, баспа орындарында жауапты қызметтер атқарған.
Қасым Қайсенов – қазақ әдебиетінде партизан соғысы тақырыбының негізін қалаған. Ол партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін «Жас партизандар» (1954). «Илько Витряк», Переяславль партизандары» (1955), «Жау тылындағы бала», «Жау тылында» еңбектерінің авторы.
Соғыстан кейін Украина жеріне жасаған сапарының нәтижесінде – «Партизан соқпақтары» (1964) кітабы жарық көреді. Жазушының 60 жылдығына орай «Народные мстители» - повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрген (1978). Жазушының соңғы еңбегі - «Страна моего детства» туған жері Асубұлаққа арналған. Отызға таяу кітаптың авторы, еңбектері орыс, қырғыз, украин, вьетнам тілдеріне аударылған.
Аты аңызға айналған партизан-жазушы «Богдан Хмельницcкий», «Отан соғысы», «Чехословакия партизандары», Украинаның «За заслуга» ордендерімен, Кеңестер Одағының көптеген орден, медальдарымен марапатталған. Қазақстан Жазушылар одағының Бауыржан Момышұлы атындағы әдеби сыйлығының және А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Сонымен қатар оған 1995 жылы Ұлы Отан соғысының 50 жылдығына орай «Халық Қаһарманы» атағы берілген.
Жазушы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығына орай 2018 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Қазақ университеті» баспа үйінен «Өнегелі өмір» сериясының арнаулы шығарылымы «Қасым Қайсенов» (140-шығ.) атты жинақ жарыққа шықты. Бұл кітапта батырдың өнегелі өмірі мен ерлік жолдары, биографиялық мәліметтер, мұрағат құжаттары, фотосуреттер және қаһармандық істері туралы естеліктер мен сұхбаттары берілген.
Құрметті оқырмандар! Партизан-жазушының шығармашылығы мен танысқыңыз келсе кітапханамызға келіп алып оқуларыңызға болады.
ҚҰӨжКҰ кітапханашысы Кемельбаева Г.Т.