Алғыс айту - сыйластықтың белгісі

«Егер шүкір етсеңдер, Мен сендерге еселей түсемін. Ал шүкірсіздік қылсаңдар, расында Менің азабым қатты»

(«Ибраһим» сүресі, 7-аят).

Түсінген жанға бұл аяттың мағынасы терең. Мұндағы «шүкір» сөзі рахмет айту, алғыс білдірумен ұғымдас. Біреуге рахмет айта салу жеңіл ал, оны шын жүректен сезініп айту - пенденің рухани болмысын күшейте түседі.

Көктемнің алғашқы күнімен тұспа - тұс келетін 1-ші наурыз «Алғыс айту» күні негізгі адами құндылыққа жатады. Белгілі бір нәрсеге көмек берген адамға рахметін айтып, алғысын білдіру парыз болып саналады. Яғни, бұл күн әлем халықтары бойынша аталып өтіледі. Бұл мереке елімізде 1 наурыз - «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орай 1-ші наурыз  «Алғыс айту күні» деп жариялап, № 173 жарлыққа қол қойған болатын.

Мерекенің мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында толеранттылық, бір - біріне деген құрмет пен достық сезімін тәрбиелеу, сондай-ақ, Қазақстандағы этносаралық келісім мен ұлтаралық қатынастарды нығайту.

Құрметті оқырман! Алғыс айту күнін мерекелеу аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚР Президенті Әкімшілігінің 1 наурыз  - Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа тәсілдеріне қатысты тапсырмасын орындау мақсатында «Алғысымыз шексіз» челленджін ұйымдастырып отыр. Осы аталып өтіп жатқан республикалық челлендж біздің облыстық кітапханамызда да жалғасын табуда. Яғни, осы акция аясында кітапхана қызметкерлері мен тұрақты оқырмандар арасындағы бір – бірлеріне жылы лебіздерін білдіріп, ризашылықтарын айтуда.

Осы орайда, менде өз елімде еркін өмір сүріп жатқаным үшін Қазақстан халқына, отбасымда мені шексіз жақсы көріп, бар мейірімімен тәрбие берген ата - анама, мені қолдап әркез қасымда жүрген жақсы адамдарыма шексіз алғысымды білдіремін. Алғыс айтуды тек осы мереке аясында ғана емес, күнделікті айтып жүрсек, одан әрі рухани баи түсеміз деген ойдамын.

Қорыта келгенде, «Өзіне не тілесең, айналаңдағы адамдарға да соны тіле!» - деген қағидаға тоқтаймыз. Кез келген жақсылық бұл дүниеде болмаса да ана дүниеде алдымыздан шығатынын ұмытпауымыз керек. Дана Абай атамыз өзінің қара сөздерінде жақсылықтың қай түрінде шүкірлікке байланғанын айтып өткен. Өзгенің жасаған жақсылығын мойындап, алғыс айта білсек, бұл мұсылманның парызы деп білемін.

Құрметті оқырман!  Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!  Алғыс айту күнінде бір - бірімізге құрметімізді білдіре берейік...!

 

                                      Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің кітапханашысы:
                                      Ж.С.Шохшина