Халқымыздың аяулы қызы – Сара Есова

Қазақ елі қашан да әйел баласын ерекше құрмет тұтқан.  Оның себептерін Айша бибіге орнатылған ғажайып архитектуралық ғимараттан, аналар есімімен аталатын ру аттарынан да байқауға болады. Қазақ даласына танымал ақын, күйші,батыр  қыздармен қатар беріде шыққан қоғам қайраткерлері де баршылық.Солардың бірі – бүгінде туғанына 120 жыл толып отырған Сара Сәтбайқызы Есова 1903 жылы Қызылорда облысы Сыр бойындағы Тартоғай ауылында туған. Әкесі Сәтбай көкірегі ояу,  өткір тілді, домбыра шертіп, гармонь тартатын өнерлі жан болған. Шешесі - Ажар, ағалары -Ерғали, Тұрсын, әпкесі – Мариям. Әкесі ұлы Ерғалиды да бастауыш орыс мектебінен  кейін Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне жіберіп оқытқан. Сара Сұлутөбе деген жерде Ғұбайдолла Хамзиннен, кейінірек Буви деген татар мұғалімдерден дәріс алған. Ағасы Ерғали 12 жастағы  Сараны  Орынбор қаласындағы мұсылман қыздар оқитын пансионға оқуға алып келеді. Қасында өзінен ересектеу Қойайдарова Мағрипа, Бәйішова Мәдина атты қазақ қыздарымен бірге оқиды. Сабаққа үлгерімі жақсы болып, өз бетімен көп оқып, үйренуге құлшынған. 1919 жылы Орынбордағы педкурсты бітіріп,  география, тарих пәндерінен  сабақ беретін ұстаз болып , елге оралады. Сөйтіп, 16 жасынан қоғамдық қызметке араласа бастаған. Кейінірек Қызылорда, Ташкент қалалары мектептерінде  ұстаздық етті. Жаңаға ұмтылысымен,еңбекшілдігімен, ойын бүкпей айтатын өжеттігімен көзге түсіп, Қызылорда укомының әйелдер арасындағы жұмысын басқарған Дембскаяның ұсынуымен 1920 жылдың жазында Ташкент қаласында өткен Шығыс әйелдерінің І сьезіне делегат болып қатысады. Онда М.В. Фрунзені, В.В. Куйбышевті көріп, жалынды сөздерін тыңдап, саяси сауаты артып,елге  үлкен әсермен оралған. Дембскаямен үзеңгілесе жүріп, әйелдер арасындағы жұмысты жандандыруға үлес қосты. Әйелдерге ұйытқы боп, сауат ашқызып, қоғамдық еңбекке тартып, интернат балаларының оқуы мен тұрмысына баса көңіл бөледі. 1920 жылы партия қатарына қабылданады. 1921 жылы сәуір айында Москвада шақырылған шығыс әйелдері өкілдерінің тұңғыш кеңесіне жіберді.Кеңесте бүкіл ғұмырын революция ісіне арнаған партия қайраткері, Лениннің  үзеңгілесі Александра Коллантайдың баяндамасын тыңдайды.Сол жолы Лениннің серігі, талантты педагог Надежда Крупскаямен танысып, ақыл-кеңесін алады. Халықаралық коммунистік қозғалыстың көрнекті өкілдері – К.Цеткина, И.Арманд, Е.Стасова, А.Сталь, С.Смидович, А.Артюхина сынды коммунист әйелдердің қарт гвардиясымен жүздесіп, әңгімелерін тыңдайды.Өз өміріндегі  сан тарау қызмет бабында сол аяулы жандарды өзіне үлгі еткен.1921 жылы күз  айында Ғ.Мұратбаев бастаған Қазақстан делегациясы құрамында РКСМ-нің ІҮ сьезіне қатысты. Ғ.Мұратбаевпен қатарласа жүріп, Түркістан коммунистік жастар одағы орталық комитетінің қыздар арасындағы жұмыс бөлімін басқарған. Желтоқсанда советтердің Бүкілроссиялық ІХ сьезіне делегат болған. Сара апай - осы жолы әлем пролетариатының көсемі ,совет мемлекетінің негізін салған В.И.Ленинді  көзімен көріп, үнін тыңдау бақытына ие болған қазақ қыздарының тұңғышы.

1922 жылдың жазында Әулиеатада өткен қазақ-қырғыз кедейлерінің сьезіне делегат ретінде барып, әйелдерге азаттық, теңдік әперу жөніндегі баяндама жасаған. Сол тұста қалыңмалға, көп әйел алуға,әмеңгерлік салтына қарсы маңызды істердің ұйытқысы болып, қоғамдық айыптаушы ретінде ашық соттарға қатысып, талай қыздың тағдырына ара түседі.

1922-1925 жылдары Жетісу губерниясы партия комитетінің органы «Тілші» газетінің, 1925-1932 ж Қазақстан өлкелік партия комитетінің әйелдер бөлімінде нұсқаушысы, «Әйелдер теңдігі» журналының тұңғыш редакторы болды. Үнемі ізденіс үстіндегі Сара апай Москваның қызыл профессура институтының Алматыдағы бөлімшесін бітіреді. 1937-1938 жылдары Қаз ПИ –де жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі болады. Қайсар қыз Қазақстан Халық ағарту  комиссариатының саяси-ағарту істері жөніндегі Бас басқармасы бастығының орынбасары, республика оқу-ағарту қызметкерлері кәсіподағы Орталық комитетінің председателі қызметтерін абыроймен атқарған. Бұл қызметтердің қай-қайсысы да қоғамдық мәні бар, аса жауапты болатын. Отбасына келер болсақ, бүкіл өмірін, білімін, қайрат-жігерін  туған халқының бақытына арнаған адал коммунист Ораз Жанұзақұлы Исаевпен  тұрмыс құрған. Екі ұлы бар. Жолдасы  Ораз 31 мамыр 1938 жылы қамауға алынып, 29 тамызда атылған. Көп кешікпей Сараны да тұтқындаған. 9 ай түрмеде отырған Сараны Сталиннің алдына барып қорғап қалған Н.К.Крупская болған екен. Түрмеде болғаны үшін партия қатарынан шығарылып, «қылмысы анықталмаған» деп сотсыз қамаудан босатқан.Сара апай 1939-1973 жылдары Республикалық Орталық мұражайда жұмыс істеп, соңғы 18 жылында оның директоры қызметін атқарады.1959 жылы Қазақстанның әр өлкесінен тарихи-этнографиялық мәліметтер жинау  экспедициясын басқарды. Құрметті демалысқа шыққан соң да Ұлттық кітапхананың сирек басылымдар бөлімінде еңбек етіп, кеңес дәуіріне дейін жарыққа шыққан қазақ кітаптары жайлы шежірені құрастыруға қатысқан. Ұлы Нұрланнан Айро мен Ирен, кенжесі Бекеттен Тимур мен Диляра атты немерелер сүйіп, солардың ортасында бақытты ғұмыр кешіп, 1984 жылдың 15 сәуірінде  қайтыс болған. Ғұмырының әр сәтін парасаттылықпен өткізген, атқарған іс - қызметтеріне адалдықпен қараған жаны ізгі,  азаматтығы кесек  Сара апайдың тұлғасы  - халқымыздың кез келген қызына үлгі тұтар тұлға. Сара Есова сияқты  қазақтың білімді,  қайсар да қайраткер қызының ғибратты ғұмыры  жайлы жастарымыздың білгені абзал.

 

                            Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының кітапханашысы: Ахмадиева А.С.