Қазақ әдебиетінің алтын қорын ұлт бедерін айшықтайтын, адам болмысының күрделі қырларын танытатын шығармаларымен толықтырған қаламгерлеріміздің бірі – Төлен Әбдікұлы. Көрнекті жазушы, драматург, аудармашы, ҚР Мемлекеттік және Франц Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтардың иесі - Төлен ағамыз 1942 жылдың 4- қыркүйегінде Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген.
Ауыл мектебінен соң Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Шығармалары 1964 жылдан жариялана бастаған. Қаламгердің төлбасы кітабы - «Көкжиек» 1969 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Онда «Қонақтар», «Бассүйек», «Райхан», «Бір күндік ашу», «Екі кездесу», «Сәндікөл» атты туған жер, достық пен махаббат тақырыбына жазылған әңгімелері топтастырылған.
Жазушы «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жалын» альманахында, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақстан Жазушылары Одағында, ҚР Президенті әкімшілігінде жұмыс атқарған. «Күзгі жапырақ» (1971 ж.), «Ақиқат» (1974 ж.), «Айтылмаған ақиқат» (1979 ж.) әңгіме, повестер жинағын, «Өліара» (1985 ж.), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987 ж.), «Парасат майданы» (2002 ж.) романдарын жариялады. Бұдан бірнеше жыл бұрын дүниеге келген «Оң қол» әңгімесі мен суреткер даңқын әйгілеген «Парасат майданы» арасында қазақ әдебиетінің қазынасын толтырған талай асыл еңбектерді таныдық.
Ол драматургия жанрында да жемісті еңбек етіп, «Біз үшеу едік», «Ардагер», «Ұлы мен ұры» спектакльдері көпшілік көңілінен шықты. «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повесі бойынша «Өтелмеген парыз» атты көркем фильм түсірілді.
Жазушы әлем әдебиеті классиктерінің жекелеген шығармаларын, грек аңыздарынан құралған – «Эллада ерлері» (1977 ж.) атты кітапты және Акутагава, Кобэ Абе шығармаларын қазақшаға аударған. Т.Әбдікұлының жекелеген шығармалары ағылшын, орыс, неміс, түрік, өзбек тілдеріне аударылған.Қаламгерлік еңбегі жоғары бағаланып, Халықаралық Кафка және Қазақстандағы ПЕН клуб, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Түркі әлемі әдебиетінің «Жыл адамы» құрметті атағын иеленіп, Ыстамбұлда жазушы шығармашылығына арналып ғылыми конференция өткізілген.
Төлен ағамыз домбыраға бала кезінен әуес болған. «Жалпы, домбыраның менің өмірімнен алатын орны үлкен деп айтуыма болады. Жан дүниеме қатты әсер ететін оқиғалар тұсында өзім де күй шығаратын бір әдет тауып алғам. Үш күйімді («Жарық дүние», «Төрт түтін», «Қосбасар») радиоға жазып алған болатын. Күй тақырыбына жазған «Көрші» атты әңгімем 2018 жылы «Қазақ әдебиетінде» жарияланды», - деген. Ақын М.Мақатаевтың «Өмір жайлы» өлеңінің әуені де жазушы ағамыздікі.
Жазушы жазуға алған тақырыбын терең зерттеп барып қолға алатын болған. Ашаршылық көріністері Т.Әбдіктің «Әке» повесінде халықтық трагедия ретінде беріледі.Қызы Қарлығаш: «Әкемнің бар шығармасын ұнатамын. Ерекше ұнайтыны –«Әке» және «Өліара». Себебі, «Әке» өзіміздің өмірбаянымызға байланысты жазылған.Өте жақсы көретін Әбдік атам шығарма прототипі», - десе, «Жазушының повесі кеңес империасының қылышынан қан тамып тұрған уақытта жазылғасын еске алсақ, Төленнің еңбегін рухани ерлікке балауға болады»,- деп бағалаған екен Амангелді Кеңшілікұлы. Ал, Кәдірбек Сегізбаев ағамыз: «Төлен ерте бастан күнделікті ұсақ-түйек әңгімелер жазған емес, жазса тек адамзаттық мәселелер деңгейіне қалам тербеуге тырысқан азамат»,- деп пікірін айтқан екен.
Т.Әбдікұлының шығармашылық кемелдігінің ең биік шыңы болып табылатын «Өліара» романында тарихи дәуірдің зұлым шындығын біздің санамызда қайта тірілте білген шеберлігінде жатыр. Жазушы ең үлкен ерекшелігі шығармаларын өте қарапайым жазатындығында. Сосын да ол кез келген оқырманға ұғынықты, түсінікті. Қаламгер жасанды тіркес, қиын сөйлем жасауға аса құштар емес екен. Өнерге берілген адалдығы мен адамдық парасатының арқасында Төлен Әбдікұлы адам жанының суреткері бола білді.Өз дәуірінің үлкен азаматы әрі шыншыл жазушылардың бірі. Жазушы шығармаларын Анатолий Ким, С.Санбаев, Н.Сарафанников,М.Ерғалиевалар аударған.Жазушының жары Күлән Ашуова жарының адалдығын жоғары бағалайды.Екеуі Қарлығаш, Алмас, Дархан атты балалар өсіріп, немерелерін қызықтауда.Ұлы Дархан –журналист. Кемел ойлы жазушы, шебер домбырашы Төлен Әбдік - бүкіл қазақ сүйіп оқитын қаламгер.
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының кітапханашысы: Ахмадиева А.С.