Журналистика әлемінің сұлтаны

Биыл белгілі журналист, жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың 90 жылдығы. С. Бердіқұлов 1933 жылы 9 мамырда Алматы облысындағы Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылында дүниеге келген.

Он жылдық мектепті 1951 жылы «Алтын» медальмен бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қабылданады. Университетті 1956 жылы ойдағыдай бітіргеннен кейін журналистік өмір жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. Қаламы қалыптасып, кәсіби шеберлігі шыңдалған қабілетті маман қатардағы қызметтен бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы дәрежесіне дейін көтерілген. Соның нәтижесінде 1965 жылы «Қазақстан пионері» газетінің редакторы болып тағайындалады. 1970 – 1986 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы болып қызмет істейді. 1986 – 1992 жылдары «Жалын» баспасының директоры болса, өмірінің соңына дейін сол баспадан бөлініп, жеке құрылған «Балауса» баспасын басқарған.

Қазақстан спортын және спорт жұлдыздарының табыстарын насихаттауға, қазақ спорт журналистикасын қалыптастыруға көп еңбек сіңірген. Қазақстан спорт журналистері федерациясының алғашқы төрағасы болған.

С.Бердіқұлов тек журналист қана емес 1960 жылдан бастап әдеби көркем шығармалар жазумен де айналысқан. Республикалық «Жазушы» баспасынан 1991 жылы 2 томдық таңдамалы жинағы жарық көрді. Қаламгердің қиялынан әр жылдары туған «Аспаннан шұға жауған күн», «Сиқырлы алқа таққан Москва», «Ол орамал жоғалмайды», «Жұмыр жерде теңбіл доп», «Ертеңнен салса, кешке озған», «Менің ұлы бейтанысым», «Арбаған мені бір сиқыр», «Жүрсің-ау бір қиырда», «Бір тарының қауызы» тағыда басқа көптеген замандастарының жасампаз өмірін бейнелейтін, адамдар бойындағы ар-ождан, адамгершілік парыз, азаматтық қасиет сияқты жайларды сөз ететін әңгіме-повестерін қалың оқырман жылы қабылдаған. Жазушының бұл туындылары оқырманға патриоттық тәрбие беретін өзектілігімен құнды. Сондай-ақ, бірқатар туындылары орыс, венгр, неміс, поляк, испан, фин тағыда басқа халықтардың  тілдеріне аударылған. Ш.Айтматов, Э.Хемингуэйдің, Дж.Лондонның, А.Хейлидің, Н.Мейлердің жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған.

КСРО Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген Мәдениет қызметкері атанып, «Құрмет белгісі» орденімен, КСРО «Баспасөз үздігі», Дүниежүзілік Жастар комитеті Хельсинкиде өткізген «Неделя» апталығы байқауының лауреаты.

1997 жылдан спорт тақырыбына жазып жүрген үздік журналистерге С. Бердіқұлов атындағы  жүлде беріліп, футболдан журналистер мен баспагерлер командаларының жарысы өткізіліп жүр.

Бүкіл ғұмырын балалар мен жастарды ұлттық дәстүр рухына тәрбиелеуге жұмсаған, жас ұрпақты отанының патриоты, қайсар, алғыр, табанды, батыл адам болуға баулыпты. С.Бердіқұлов тек қана журналист емес, жазушы, редактор, публицист.

Құрметті оқырман! Жазушының шығармаларымен кеңінен танысамын десеңіз, кітапханамызға келіңіз.

 

Ақпараттық-библиографиялық бөлімінің басшысы: Багзибекова А.Х.