«Қазақтың Щепкині» атанған ұлы актер. Кәсіби театрды өркендеткен, соны дүниежүзілік аренаға көтеруге еңбек еткен адам. Қазақ классиктерінен ойнамаған рөлі жоқ. Киноға да түсті. Ондай адамдар 100 жылда бір туады...»
Е.Обаев
Қазақ даласына ғасырда бір туатын дара да талантты ұл қыздарын дүниеге әкелген аналарымыз көп болған. Сондай бір қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген қазақтың маңдайына біткен дара талант иесі, қазаққа ғана емес КСРО-ның халық әртісі атанған Қалибек (Қаллеки) Қуанышбаев еді.
Биылғы жылы сахна саңлағының туғанына 130 жыл толып отыр. Ол 1893 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, бұрынғы 1-май (қазіргі Мартбек Мамыраев) ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан жастайынан қалған бала Қалибек – өзі туған ауылының жанындағы «Қос Қопа» аталған жердегі Сәдірбек бидің қолында өнерге қанат қағады. Бала жасынан ауыл молдасы Егеубайдан арабша хат таныған.
Жасынан өнерлі бала атанған Қалибектің актерлік қабілеті жайлы біраз әңгімелер айтылып та жүр. Қызықты әңгімелерінің бірінде ауылда «мешкей» атанған Құрымбай есімді ауылдасы – Қуанышбайдың үйіндегі бір қонақта ауыл адамдарымен бәстесіп бір қойдың етін жеп, аяқ-аяқ сорпа мен қымыз ішіп, далаға төрт аяқтап шығады ғой, осыны көріп бақылап отырған бала Қалибек ертеңінде көрген білгенін ауыл жұртының алдында қайталап мұқым елді күлкіге қарық қылады. Осындай әжуалау арқылы елге күлкі сыйлап жүрген Қалибек «Қуанышбайдың жындысы», «пері Қалибек» атанады.
Жүрген жерінде әсерлі әзілімен, қағытпа қалжыңымен әспеттеп жүретін бала Қалибек есейе келе 1920-1925 жж. атақты «Қоянды жәрмеңкесінде» өнер көрсете жүріп, елге белгілі өнер майталмандарымен танысады.
1926 жылы Елубай Өмірзақов бастаған Қанабек Байсейітов, Иса Байзақов , Әміре Қашаубаевтармен бірлесе қазақ даласындағы алғашқы Қызылордадағы Қазақ Драма театрын ашуға атсалысты. Сахна сардары осылайша үлкен сахналарға жол тартып актерлік қабілетін арттыра түседі. Талант иесі ұзақ жылдар бойы Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрында 1928-1964 жылдар аралығында қалтқысыз қызмет атқарды. Сондай-ақ 1937 жылдан бастап кино саласына да үлкен үлесін қосады. Ол актерлік ғұмырында жалпы саны 160 тан астам образдарды сомдаған. Қазіргі таңда Астана қаласында Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, өзі туған М. Мамыраев ауылында Қ.Қуанышбаев атында мұражай мен көше бар.
Біздің кітапханамыздың өлкетану және өнер туралы әдебиеттер бөлімдерінің қорында Мақсұтбек Майшекиннің «Жазушы» баспасынан 1972 жылы жарық көрген актердің өмірінен сыр шертетін ғұмырнамалық «Қалибек Қуанышбаев» әңгімелер жинағы, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Қайнар» баспасынан 2009 жылы жарық көрген «Қалибек Қуанышбаев» атты деректі хикаяты және т.б. актер жайлы жазылған кітаптар мен мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар топтамасы жинақталған. Сонымен қатар биыл қазақ актері Қ.Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған «Дарқан дарын» атты виртуалды көрме ұйымдастырылады.
Ұлтын Ұларлар ұшатын биіктікке көтерген ұлды – ұлты қашан да ұлықтамақ.
Сахна сардарының туған күні – құтты болсын қазақ елі. Қазақ өнері биіктей берсін.
Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
кітапханашысы: Е.Ақбергенов