Ұлтымыздың тарихында асқан батырлық-ерлік істерімен, асқақ сипатты, тапқырлық даналық, шешендік сөздерімен, әділетті билік-кесімдерімен жарқын із қалдырған заңғар тұлғалардың бірі – Сырым Датұлы. Ол 1712–1802 жылдары қазіргі Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Сарыой ауылында дүниеге келген.
Сырым елдің биі, атақты шешені. Оның аты әділ билігімен шығады. Ол жер турасында, адам құны, туралы, ұрлық, барымта, мал құны, неке бұзу, куәлік, жесір дауы хақындағы алуан-алуан дауларға тура, әділ билік айтып, елдің ақыл-аузы, арқан-қазығы, бүтінші- бітімшісі болған. Өзі айтқандай, «таудан биік көңілмен, теңізден терең ғылыммен» шым-шытырық, дау-шарды егжейлі-тегжейлі саралап, жіктеп сөйлеген. Хан ордасында ол беделді деген билердің бірі болып, әрі халықтың арасында беделді, сенімді тұлға болған. Осындай хан ордасындағы беделіне, дәрежесіне қарамай 1783 жылдан бастап Сырым батыр хан ордасына, патша үкіметіне қарсы шықты. Ханның, патшаның саясатына қарсы халық оның соңынан ереді.
Сырым бастаған халық көтерілісі қимылға кіріседі. 1783-1797 жылдар арасында Сырым бастаған көтерілісшілер бірнеше рет хан ордасына, патша үкіметінің крепостарына шабуыл жасап, соғысады. Халқының батыры атанған, қорқынышты білмейтін көсем Сырымның бастауымен қазақ халқы жауларымен он төрт жыл бойы алысты. Себебі, сол уақыт қазақ елінің шұрайлы, нулы, сулы жерінен, құтты жайлы қоныс мекенінен айрылып, зар жылаған шағы еді. Патша үкіметі жазалаушы отрядттарын, яғни казак орыстарды қазақ ауылдарына жұмсап, құт берекесін кетіріп, талан таражға салады. Сонда Сырым батыр адамның сүйегі сарқырарлық сөз сөйлеп, елі мен жерін қорғауға жұртын шақырды. Бұл - халқымыздың тарихындағы ұлттық езгіге, отаршылдыққа қарсы бағытталған ең алғашқы ұлт-азаттық көтеріліс. Ол – халқын қан сасытып қырғызбай,елінің еңсесін түсіргізбей, жұртының ар-намысы мен рухын жасытпай күресті. Қаншама сұңғыла болса да Сырым отаршылдық жүйені жеңе алмады. Бірақ,озбыр отаршылдардың ел намысын таптамақ болған лас аяғын уақытша болса да тартқызды. Көтерілісшілердің қолында қару-жарақ, зеңбірек болмағанымен, Сырым жасақтары шебер соғыса білді.
Сырым өмірінің соңғы кезеңдері патша үкіметі бұйрығымен қудалаудан өтті. Оның өмірі патша жансыздарының ұйымдастыруымен 1802 жылы қиылды. Бұл оқиға Орынбор мұрағаты дерегі бойынша Үргеніш қаласында болған.
Езгі көрген елімнің еңсесін қайтсем көтерем деп,орыс отаршылдығына қарсы бас көтерген,өмірін аттың жалы, атанның қомында өткізген Сырым Датұлының өмірі мен қоғамдық қызметі, тарихтан алатын орны жайлы «Тұлға» жобасы арқылы жарық көрген «Сырым Датұлы» жинағынан оқи аласыздар.
Тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.П.Вяткин «Батыр Сырым» атты монографиясында кіші жүз қазақтарының С.Датұлы басшылық еткен көтерілістерін, сол кездегі халықтың әлеуметтік экономикалық жағдайына шолу жасайды. Көтеріліс кезеңдерін айқын суреттеп, патша үкіметіне қарсы бой көтерулердің не үшін жеңіліс тапқанын ашып көрсетеді.
Еліміздің егемендігі, жұртымыздың тәуелсіздігі жолындағы арыстанша алысып өткен ерлер ішінде, орыстың озбыр отаршылдығына қарсы күрестің ту байлар жерінде тұрған Сырым Датұлының есімі ерекше. Қазақ халқының қамы үшін күрескен Сырым батырды халық ешқашан есінен шығармақ емес.
Құрметті оқырман! Сырым Датұлының өмірі мен қызметі жайлы әдебиеттерді кітапхана қорынан алып оқи аласыздар. Келіңіздер, оқыңыздар.
Абонемент бөлімінің басшысы: Жұмағұлова М.Т.