Балалар біздің болашағымыз!

«Адамның бір қызығы бала деген», - деп Абай атамыз айтқандай, бала – біздің басты байлығымыз. Бастаған ізгі істеріміздің жалғастырушысы, үкілеп ұшырған үміт-құсымыздың қанаты. Балалар – тыныштық символы. Балалар – мейірім тотемі.

Барша адамзат үшін ең маңызды мереке - 1 маусым  балаларды қорғаудың халықаралық күні. Бұл жадыраған жаздың алғашқы күніндегі ең көркем, ең мейірімді мейрам. Өйткені бұл күн – сыңғырлаған сәби күлкісі мен балдырғандардың былдыры арқылы ерекшеленеді.

Қысқаша тарихына тоқталып өтетін болсақ, 1949 жылы Парижде әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы  өтеді. Бұл конгресте балалар бақыты, әлем тыныштығы жайында сөздер айтылады. Себебі екінші дүниежүзілік соғыстан соң балалар денсаулығы алдыңғы мәселелердің бірі болатын. Дүниежүзілік соғыстан соң көптеген балалар қараусыз қалған болып, олардың көз жасы мен зары әлем жұртшылығы назарын еріксіз өзіне аударған еді.

1950 жылы 1 маусымда бірінші рет Халықаралық балалар күні жарияланып, осы уақыттан бастап бұл мереке жыл сайын аталып өтіледі.

Бұл күннің басты мақсаты - қоғамда балаларға ерекше қамқорлық көрсетіп, әркез мейірім мен махаббатқа бөлеп өсіру. Бейбітшілікте шад-шадыман күн кешіп жүрген әрбір баланың келешегі жарқын болары анық. Баланы махаббатпен тәрбиелеп, өсіру оның келешегіне тікелей әсер етеді. Балалық шағы қызық әрі көңілді өткен баланың өмірге деген көзқарасы өзгеше әрі жарқын болмақ.

 Балалардың кітап оқуға деген қызығу­шылығын арттыру, отбасылық кітап оқу дәстүрлерін қолдау, заманауи кітапханалық қызмет түрлерін ұсыну арқылы оқырман мәде­ниетін көтеру мақсатында, біздің кітапханамызда балалардың жаздағы бос уақытын тиімді, қызықты, танымды өткізуіне арналған «Кітапханадағы жаз» бағдарламасы жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл оныншы жыл өткізілмек. Бағдарлама аясында бүлдіршіндер үшін кітап оқуды қолдауға арналған викториналар мен әртүрлі акциялар, танымды сабақтар мен байқаулар, әдеби ойындар мен шеберлік сағаттары өткізіледі. Қызықты әрі танымды шаралар өткізу арқылы кітапханашылар, балалардың бойындағы мүмкіндіктерді ашып, кітапқа деген қызығушылығын арттырып, кітап таңдау мәдениетін насихаттайды.

Жас ұрпақтың болашағы жарқын болу үшін оларға бір күн ғана назар аударған жеткіліксіз. Бала – бақытты болу үшін жаралған. Ендеше, әлемдегі барлық бала балалық шақтың бал дәмін сезінсін, барлық ана, барлық бала бақытты болсын деп тілеймін!

 

ҚҰӨжКҰБ кітапханашысы Кемельбаева Г.Т.