Домбыра – асыл мұра

         

Қазақтың ежелден келе жатқан,тіршілігімен тығыз байланысты үш дүние бар. Олар-киіз үй,ер тоқым және домбыра.Киіз үй баспана ретінде бағаланса, «Ерттеулі ат ер жігіттің қанаты», яғни ертоқым сол қанатқа қажет бұйым.Ал домбыраның жөні ерекше.Ол – қазақ халқының рухани байлығының кілті.

Қазақ халқы мұң-зары мен жоқтау-жұбанышына дейін қара домбыраның қасиетінен тапқан.Домбыра-қазақтың өте ежелден келе жатқан,ішекті,көп пернелі музыкалық аспабы.

Кей деректерге сүйенсек, "домбыра" сөзі көне шумерден аударғанда "кішкене садақ" деген мағынаны білдіреді. Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, "домбыра" сөзі "қозы құйрық" сөзімен байланысты "дунбаһ" және "бурра" деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек.

Қазақтың қара домбырасы жайлы аңыз-ертегі жетерлік. «Ақсақ құлан» аңызында Жошы ханның ұлы аңшылықта жүргенде жаралы құланнан қаза болады.Жамандықты сезген хан ұлы жайлы жаман хабар әкелген адамның көмейіне қорғасын құямын деп жар салады. Жошы ханға болған жайды жеткізуге ешкімнің батылы бармайды. Сол кезде Кетбұғы күйші келіп, болған жайды домбыра айтып береді дейді. Ол сол кезде күй шығарып тартып береді,кейіннен ол «Ақсақ құлан» деп аталып кетеді.Хан күйден болған оқиғаның мән-жайына қанығады.Бірақ,өзінің айтқан сөзін орындап,ұлының өлгені жайлы хабарды жеткізген домбыраның шанағына қорғасын құяды. Соның бірі музыкалық аспаптың жоғарғы тиегінің қалай пайда болғаны жайында. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолда демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерге жайғасады. Талдың бір шыбығын сындырып, оған жылқы қылын керіп байлап, дыбыс шығармақ болады. Бірақ ешқандай үн шықпайды. Батыр оны қасына тастай салады да, өзі ұйықтап кетеді. Бір кезде жанынан шығып жатқан дыбыстан оянады. Қараса, манағы өзі жасаған аспаптың мойын тұсына әлдекім титтей ағаш тиек орнатып қойған. Батыр "е, бұл сайтанның ісі болды ғой" деп ойлайды. Бәлкім, содан қалған сөз болса керек, халық арасында домбыраның жоғарғы тиегін "шайтан тиек" деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән.

XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған музыкалық аспап екі ішекті домбыра болатын. Егер бұрынғы заманда көне аспаптар ән, жыр, ертегі-аңыздарды сүйемелдеу үшін ғана қолданылған болса, енді домбыра жеке шығарма орындауға арналып, күрделі аспаптардың қатарына қосылды. Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып-қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. Құрманғазы, Дәулеткерей,Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, т.б. даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерінің тууы, дамуы осы Домбыра аспабымен тікелей байланысты

Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін де қолданылатын аспап. Біржан-Сал, Ақан сері,Жаяу Мұса,Мәди, Кенен Әзірбаев,Әміре Қашаубаев т.б. белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді.

Домбыра- қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Ұлттық болмысымыздың нышанына айналған, ата-бабамыздан қалған асыл қазына!

Құрметті оқырман! Ж.Нәжімеденовтың «Қоңыр үнді домбыра» кітабынан домбыраның шығу тарихы жайлы қызықты мәліметтер оқи аласыздар. Ал,белгілі домбырашы,музыка зерттеуші Әбуғазы Мұрат «Қазақтың домбыра өнері» кітабында домбыра аспабы мен күйшілік өнер,күйшілік өнердің қалыптасуы жайлы баяндайды.

Келіңіздер, оқыңыздар құрметті оқырман!

 

                                    Абонемент бөлімінің басшысы
                                    Жұмағұлова М.Т.