Биылғы жылы қазақ халкының ұлы ойшылы, аса көрнекті ақыны Шәкәрім Құдайбердиевтің туғанына 165 жыл толып отыр.
Еліміздің түкпір-түкпірінде осы айтулы датаға көптеген шаралар өтіп, дана да дара тұлғамыз дәріптелуде.
Кітапханамызда ақын, жазушы, аудармашы, философ, адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек сынды биік қасиеттерді ұлықтаған ойшылға арналған кітап экспозициясы ұйымдастырылды. Ал осы жазбамыз арқылы, құрметті оқырман, біз сіздерге Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы қызықты деректер ұсынғымыз келеді:
- Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді.
- Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді.
- Жеті жасында әкесі Құдайберді қайтыс болып, жетім қалады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді. Жеті жасынан бастап Абайдың тікелей тәрбиесінде болып, өлең сөзге бейімділігін танытады.
- 20 жасында елінде болыс болады. 1881 жылы Абайдың ақылымен болыстықты Оспанға өткізеді.
- 1905 жылы Шәкәрім қажылық сапар шекті.
- Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырды. Стамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқыды. Сол сапарда жинаған мағлұматтар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ хандар шежіресі» кітабын жазады.
- Домбыра тартып, гармоньда ойнаған. Ән айтып, саятшылық құрған, сурет салып, өмірін ғылымнан өзге осындай өнер түрлеріне арнаған.
- 73 жасында ақын жазалаушылар атқан оққа ұшырайды. Бұл сұмдық уақиға 1931 жылы 2 қазан күні болған. Шәкәрімнің денесі жапандағы құр құдықта көмусіз отыз жылдай жатады. Кейін ғана, жазалаушы отрядтан аман қалған Ахат деген ұлы Шәкәрімнің денесін арулап, дұғасын оқып, жерлейді деген дерек бар.
- «Халық жауы» ретінде айыпталып, бірнеше жыл бойы шығармаларын оқуға тиым салынады. Тек 1988 жылы ғана ақын есімі толық ақталды.
- Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирикалық өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сынды дастандар, «Әділ-Мәрия» романы жөне басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. Сондай-ақ, «Қазақ айнасы», «Үш анық», «Мұсылманның шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» шығармалары жарық көрді.
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету
секторының басшысы: Батенова В.Р.