Қазақ әдебиеті прозасына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жазушыларымыз өте көп. Десек те әр жазушының өзіндік жазу формасы әрқалай екені белгілі. Қаламынан қыруар шығармаларды дүниеге әкелгендердің ішінде қазақ халқының біртуар перзенті Төлен Әбдікұлының да шығармашылығы өзіндік бағасын алғанын баршамыз білеміз. Биылғы жылы жазушы ағамыздың шығармалары «Бір ел – бір кітап» акциясына ұсынылған.
Жазушы шығармаларының дені адам мінезінің құпия сырларына үңілуінде жатыр. Қай шығармасын алып қарасаңыз да әрбір сөзінде, сөйлемінде үлкен бір мағына жатыр – көре де түйсіне білген жанға сүйсіндіре алатын туындылар.
Небары жиырма бес жасында жазылған «Оң қол» шығармасы үлкен мән-мағынаға ие. Осы шығармасына жазушы бүтін бір халықтың ішіндегі кем тұстарын сыйдыра білген.
«Оң қол» әңгімесін оқып отырып құдды бір психиатриялық аурухананың ішіндегі науқастардың жанына батқан дертін сезінгендей күй кешесің. Алма есімді кейіпкері арқылы суицидтің асыл дініміздегі шариғатымызға қарсы дүние екенін, Алманың өзіне-өзі қол жұмсауы арқылы Аллаға қарсы шығуға болмайтын іс-әрекеттер керемет суреттелген.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Төлен Әбдікұлы әлі де қазақ прозасына мәңгілік сиясы кеппейтін тың шығармалардың майын тамыза жазатын, ұйып оқуға деген құштарлықты арттырары хақ.
Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
кітапханашысы Е.Е. Ақбергенов