Бір кездері ұлы тұлғалар көш түзеген Кереку-Баян өңірінің тумасы, қазақ әдебиетінің жарқын өкілі, 1960-1970 жылдардағы қазақ поэзиясында өзіндік өрнегімен, қайраткерлік болмысымен танылған ақын, журналист, көркем аудармашы Қабдыкәрім Ыдырысов 1928 жылы Павлодар облысы Ақтоғай ауданында шаруа отбасында дүниеге келді. Ертіс жағасы осылай қазаққа тағы бір дарынды ақынды сыйлады.
Жастайынан өлеңге деген талпынысы оны алысқа тартады. Талапшыл жас 1947 жылы Кереку шаһарында әйгілі ақын ағасы, майдангер Қалижан Бекхожинді кездестіреді. Ақын тапсырмасымен бірнеше өлең жазады, соның ішінен мойыны озық деп тапқан «Жылқышы сырын» Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне бастырады. Алматыда өткен жас әдебиетшілердің слетіне қатысады.
Міне, осыдан кейін Қ.Ыдырысовтың ақындық жолы ашылады. 1952 жылы ол атақты Қалижан Бекхожиннің шақыруымен Алматыға, әдебиет ауылына көшеді. «Алматыға алты өлеңмен сүйреген» деп ағасына разылық өлеңін арнайды. Ол әр уақытта балаларға арнап өлеңдер жазды.
Қ.Ыдырысов шығармашылығының шырқау тұсы – «Әке жолы» поэмасы. Бұл оның өміріндегі, өнеріндегі басты кезеңі. Ол бір кезде «Халық жауы» атанып, сол күйі қауышпай кеткен әкесінің тағдырын жырлады. Әке есімін жырымен ақтады. Қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып саяси қуғын-сүргін тақырыбын көтерді.
«Шуақты күндер», «Жарқын жағалау» т.б. жыр кітаптары туған жерге деген пәк сезімді, ел азаматтарының асыл мұратын толғаса, «Армысың, Арабстан» жинағы халықтар достығын жырлайды.
«Қиял көзі қияда» өлеңдер жинағына патриотизм, халық қаһармандығы, достық, махаббат сезімдері арқау болған. Замандастарының ерен еңбегін, ерлік қимылы, ой-мүддесі көркем тілмен әсем өрілген. «Аясында достардың» жинағына өмірінің соңғы кездері жазған өлеңдері мен поэмалары енген.Ақын халықтар достастығы мен еңбектегі ерлігін,туған жер табиғатын,Отан байлығын шабыттана жырлайды.
Қ.Ыдырысовтың сөзіне жазылған «Баянауыл вальсі», «Қайдасыңдар, достарым?» секілді әндер күні бүгінге дейін ел аузында жүр.
Чех жазушысы Ян Дрданың «Май күндерінде» повесін, О.Гончардың «Қоңырау» романын, Гарсиа Лорканың «Қасіретті қайыңдар», И.Куприяновтың «Вьетнам жұлдызы» пьесаларын, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, К.Л.Хетагуров, Н.Хикмет, М.Луконин т.б. ақындардың көптеген өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
Ақынның артында қалған мол мұрасы мәңгілікке жасай берері хақ. Ақынның шығармаларын біздің кітапхананың кітап қорынан алып оқи аласыздар. Келіңіздер, оқыңыздар!
Абонемент бөлімінің кітапханашысы: З.Серік