Биыл көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұзафар Әлімбаевқа 100 жыл .
Ақын 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында дүниеге келген. Ақын ата-анасының сүйіспеншілігі мен қамқорлығына бөленіп өседі. Бала Мұзафардың ақын болып қалыптасуына анасының айтқан бесік жыры мен даналық ертегілері, әндері мен аңыз әңгімелерінің ықпалы әсер етеді. Ерте жастан хат танып, жетімдіктің дәмін ерте татқан бала Мұзафар, мектеп интернатта оқып, басына түскен қиындыққа қарамастан әдебиет үйірмесіне жазылып, мектеп қабырғасында жүріп өлеңдер жаза бастайды. Мектепті бітіргеннен кейін Павлодар қаласының педагогикалық училищесіне түседі. 1941 жылы соғыс басталған уақытта өз еркімен Қызыл Армия қатарына барып, қатардағы жауынгерден бастап, командирдің орынбасары қызметін атқарады. 1948 жылы әскери қызметін аяқтап, шығармашылыққа бет бұрады.
Соғыстан кейінгі жылдары «пионер» журналында поэзия бөлімін басқарып, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі және бірнеше басылымдардың бас редактордың орынбасары секілді қызметтер атқарады.
Балалар әдебиетінің көрнекті жазушысы, көптеген кітаптардың авторы, үш жүзден аса ән өлеңдерін жазған, әлем әдебиетінің озық туындыларын, оның ішінде «Манас» дастанының бірқатар тарауларын, шығыс поэзиясын қазақ тіліне аударған қазыналы қаламгер.
Ақынның алғашқы кітабы - «Қарағанды жырлары» атты өлеңі 1952 жылы басылып шықты. Заман тақырыбына жазылған «Менің Қазақстаным» поэмасы алдымен «Социалистік Қазақстан» газетінде басылып, кейін жеке кітап болып шықты.
Біздің кітапханамыздың қорында «Екі томдық шығармалар жинағы», «Көңіл күнделігінен», «Нақылнама», «Толқыннан толқын туады», «Халық – ғажап тәлімгер», «Хат», «Ақсерек те көксерек», «Балдәурен» «Ту тіккен» т.б. көптеген шығармалары бар.
Жыр бәйгесіне атын қосқалы алпыс жылдан асқан ардақты ақынымыздың қазақ өлеңінің қазынасына қандайлық олжа салғаны қалың жұртшылыққа жақсы мәлім. Ақын інілері «Мұз Ағамыз - Муза Ағамыз» деп ардақтайтын, ұл-қызымыз жастайынан жырын жаттап өсетін, ән өлеңдері ертелі - кеш шырқалып, жанымызды жарық нұрға бөлейтін Мұзафар Әлімбаев поэзиясы суреткерлік талапшылдықтың, өнер алдындағы жауапкершіліктің, еңбекқорлықтың мәуелі жемісі.
Ақынның жазған еңбектеріне берілген марапаттары да аз емес. Атап айтар болсақ, 1978 жылы ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, 1996 жылы Қазақстанның халық жазушысы, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері. 1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін республикалық Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Отан» орденімен марапатталған.
Балалар әдебиетінің классигі, тілдің парқын білетін, мәйегін танитын, мағынасына, мәніне бойлай алатын бірегей қалам иесі Мұзафар Әлімбаев ел тәуелсіздігін жан-жүрегімен жырлаған ақын.
Құрметті кітап сүйер қауым! Кітапханамызға келіп Алаш қауымының ардақтысы, еліміздің абыз ақсақалы М.Әлімбаевтың кітаптарын алып оқуларыңызға болады.
Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
кітапханашысы: Осатаева Т.М.