Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы

Тәу етер Тәуелсіздік жайлы ой қозғалса, көз алдымызға әуелі Желтоқсан оқиғасының қаһарлы, қанды күндері бейнеленеді. Еркіндіктің нағыз нышаны ретінде, бейбіт заманда бұлтсыз аспанның астында өмір сүріп жатқанымызды мақтана айтатын – теңдессіз Тәуелсіздікті қанша жырлап айтса да оның қадірі мен қасиетін айтып біту мүмкін емес.

1986 жылғы қыршыннан қиылған жастардың тағдыры, ел азаттығы деп алаңға жанын қиып шыққан ұл-қыздардың ерлігі – қазақтың бүгінгі таңда тәуелсіздікке ұмытылған әрекетінің нәтижесі – бейбіт өмір, тыныш заман және Мәңгілік Елдің сипаты. Тәуелсіздіктің тамыры - 1986 жылдан емес, қазақ елінің басынан кешкен барлық қиын кезеңдердің жетістігі. Соның соңғысы осы Желтоқсан оқиғасы деп өзін жұбатып, елдегі тыныштықтың бұзылмауын қалайтын халықтың ендігі тілері де осы болар.

Тарих - өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі, қазақ жері қасиетті, өйткені ата - бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп, атының тұяғымен дүбірлетіп өткен атамакенін аманат етіп қалдырды. Ел – Тәуелсіздікті мойнына аманат етіп арқалаған қауым. Сол қауымның басты міндеті – осы тыныштықтың іргесін құлатпай, оны сақтап келешек ұрпақтың еншісіне аман-есен тапсыру. Ел мен жердің киесі – қазақтың негізгі қорғаны. Әрбір ұлтын сүйген азамат осы бір киелі ұғым – Тәуелсіздіктің қандай жолмен келгенін өз санасына және кейінгі ұрпақтың бойына сіңіре өсірсе, тарих тағылымының құндылығы ешқашан халық жадынан өшпесі анық.

Құрметті оқырман, кітапхана қорынан еліміз Тәуелсіздік алған сәтінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы туралы жазылған әдебиет туындыларымен таныса аласыздар. Атап айтсақ, Ш.Қ. Қарабаевтың «Тәуелсіздікке жеткізген желтоқсандықтар», К. Адырбектің «Тәуелсіздікке талпыныс», Д. Көшімнің «Тәуелсіздік қазаққа не берді?», А. Абдрахмановтың «Елдік ерлігі», Е. Қуандықтың «1 жыл 11 ай 3 күн» және т.б. көптеген шығармалар кітапхана қорында бар.

Кітаптарда ел Тәуелсіздігінің елең – алаңындағы адамдар тағдырын, мемлекетіміздің апыл – тапыл басқан қадамын әсерлі баяндап, ұрпаққа ұран болған тәуелсіздік қарлығаштары – қазақ жастарының ерлігі, оларды қолдаған бүкіл халықтың тағдыр – тауқыметі суреттелген мақалалар берілген. Мұрағаттық құжаттарға негізделіп жазылған бұл еңбектер қалың оқырман үшін ұғынықты тілде баяндалған. Көңіліңіз қалаған кітабыңызды біздің кітапхана қорынан алып, оқи аласыздар.

Тәуелсіздіктің тұғыры биік болып, халқымыздың абырой беделі асқақтай берсін. Отансүйгіштік қасиет әр қазақстандықтың жүрегінен берік орын алып, еліміз бұрынғыдан да гүлденіп, жайнасын!

             

ҚҰӨжКҰБ кітапханашысы Кемельбаева Г. Т.