Қазақ баспасөзінің қара нары, білікті аудармашы, қаламгер Нұрмахан Оразбеков тірі болса 85 жасқа толар еді.
Нұрмахан ағаны қаламгер қауымы ғана емес, көпшілік қауым жақсы біледі. Жалпы ол кісі туралы әңгіме болғанда, жұрт оның 1991 жылы «Орталық Қазақстан» газетінің маңдайшасындағы «Барлық елдердiң пролетарлары бiрiгiңдер!» дегеннiң орнына «Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ» деген мәтелмен шығарғанын және ГКЧП мәлімдеме жасап, елдегі билікті өздері алатынын хабарлағанда, «Орталық Қазақстан» газетіне «Иә, бұл мемлекеттік төңкеріс» деген мақаланы айтады. Яғни, «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында мемлекеттік төңкеріс жасалды» деп жазды. Бұл журналистің ешкімге ұқсамаған болмыс-бітімі, шындықты тайсалмай тұрып айтатын қасиетін танисың. Бұны Қазақстанда бірінші болып жазған редактордың ерлігі деп біледі.
Ғибратты ғұмыр сериясымен 2017 жылы шыққан «Нұрмахан Оразбеков» атты кітабындағы қаламдастарының, достарының естелік-әңгімелерінен Нұрмахан Оразбековтың қазақ баспасөзінде айтулы із қалдырғанын, өмір жолының қызығынан көрі қиындығы көп болғанын, от ауызды, орақ тілді жүрек жұтқан редактор, қайсар қайраткер екенін оқимыз.
Қазақ баспасөзінде елу жылдан астам қызмет еткен Н. Оразбековті оқырман қауым аудармашы ретінде етене жақсы біледі. Белгілі Оксфорд университетінің «Саясаттану», «Әлеуметтану» түсіндірме сөздіктерін түпнұсқадан және В. Архангельскийдің «Фрунзе», Ф. Кнайбельдің «Май айының жеті күні», С.Н. Сергеев-Ценскийдiң «Капитан Каняевтiң Преображение Россий», Отеро Сильва Мигельдің «Сыр шашпаған бесеуі» романдарын, тағы да басқада әлемге танымал саясаткерлердiң бұрын қазақ тiлiне аударылмаған еңбектерiн тәржімалап, көркем тілдің шеберлігін көрсете білген дарынды адам.
«Нұрмахан Оразбеков - «Орталық Қазақстан» газетіне редактор болып келгелі газеттің мазмұны өзгеріп сала берді, кез-келген журналист бара бермейтін, оңайлықпен тісі бата қоймайтын тақырыптарға қалам тербеп, материалдарды осы басылымның бетіне жиі жариялайтын болды. Алғаш «Орталық Қазақстанға» келген сәттен бастап газетке басылған мақалалардың мазмұндылығынан, оның тиражы да арта түсті» - деп еске алады қаламдастары. Кеңестік жүйе сойылын соққан заманның өзінде жазушы Жайық Бектұровтың сандығында жарыққа шықпай, сарғайып жатқан Алаш ардақтылары туралы жазбаларды, Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баянын» осы газетте республикада бірінші болып жариялаған. Желтоқсан оқиғасына қатысты материалдар, ғалым Евней Бөкетов туралы естеліктер осы кісінің арқасында оқырмандармен қауышты. Талай қазақтың маңдайына біткен асыл ер-азаматтарының есімдері де белгілі бола бастады.
Қазақтың барын түгендеп, жоғын жоқтаған осындай қаламгердің есімі ұрпақ есінде қалдыруды мақсат ету керек.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева