Қазақ фольклорының атасы

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл

Бабаларымыздан сан жылдар бойы қалыптасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды, той думандарда айтылатын ән мен күйді, айтыс өнерін әр заманда ауызекі тілінде жеткізушілері болған. Әр заманда өмір сүрген жинақтаушы ғұламалардың легін жалғастырушылар да болған. Солардың бірі әрі пірі саналатын Қазақ халқының этнографы, тарихшысы, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толып отыр.

Ол 1858 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданының «Қызылтау», «Найзатас» деген жерінде дүниеге келген.

Ауыл молдасынан хат танып, Баянауылдағы Байжан Смағұлұлының медресесінде арабша сауат ашады. Жеті жасынан бастап халық ауыз әдебиетінің үлгілерін оның ішінде: айтыс, қисса дастандарды ел ауызындағы аңыз-әңгімелерді жаттап 15 жасынан бастап қағаз бетіне түсіріп жинақтаумен айналыса бастайды. Батыс өркениетінің ғылыми жаңалықтарымен танысқан ол шежіре нұсқаларын да қағаз бетіне түсіреді.

Бір деректерде ғұламаның азан шақырып қойылған аты Адам Жүсіп, ал 9 жасында қисса - дастандарды айтып ел көзіне түскен кезде  ел арасында ұйымдастырылған үлкен жиынға қатысады. Сол жиынды шақырып отырған Мұса Шорманұлы Адам Жүсіпті ұнатып, тақиясына үкі таққызып: «Өз заманында халқына Мәшһүр болатын бала екен», деп лепес қылуымен Мәшһүр Жүсіп атанады. Ташкент, Бұқарада араб, парсы, шағатай тілдерін меңгеріп шығыс шайырларының шығармаларымен сусындайды.   

Ғылым білімнен бөлек емдік шөптерді жинап дәрі жасау арқылы адам емдеумен де айналысады. Сонымен қатар ғұламаның тағы да бір ерекше жағы ол бойына қонған әулиелік қасиеті еді. Өзінің ажалын күні бұрын сезіп жаназасын шығартып, қонақасын бергізеді. Ел арасында:

«Мен – жетпіс үшке келгенше,

Балталасаң да өлмеймін.

Жетпіс үштен асқан соң

Сұрасаң да тұрмаймын» деп Мәшһүр Жүсіп айтқан деген сөз бар. Шынымен 73 жыл ғұмыр кешкен әулиенің құпияға толы қасиеті кім-кімді де болмасын ойландырары анық. Өзінің саналы ғұмырын халқының мәдениетімен әдебиетіне арнаған – даналықтың дариясы деңгейіне жеткен ғұлама ғалымның мол мұрасы қазақ халқына қашанда азық болып қала бермек...

 

Негізгі кітап қорларын сақтау бөлімінің кітапханашысы:  Е. Е. Ақбергенов