Жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хамза Ихсанұлы Есенжанов 1908 жылы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған. Ол Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Ленинградтағы Мемлекеттік өнертану институтының аспирантурасын бітірген.
1932-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы әдебиет пен фольклор секторының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1937 жылдан қазақ мемлекеттік филармониясының, кейін Қазақ опера және балет театрының директоры қызметін атқара жүріп, пединститутта орыс әдебиеті тарихынан сабақ береді. ХХ ғасырдың 30 - жылдары республикалық басылымдарда қаламгердің «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл құмақ», «Күшке күш» сияқты әңгімелері мен «Жер шарында» атты пьесасы жарияланады.
1938 жылы жалған саяси айып тағылып, 20 жылға жуық уақыт сталиндік қуғын-сүргінің зардабын тартады. Елге оралған соң, 1956 жылдан өнімді шығармашылық еңбек жолын бастайды. Жазушының басты шығармасы «Ақ жайық» трилогиясы. Бұл үлкен еңбекте жазушы Батыс Қазақстан өңіріндегі революциялық қозғалысты, Кеңес өкіметінің қалай орнағанын суреттейді. Жазушының ұзақ жылдар бойғы еңбегі кезінде әдеби ортада лайықты бағасын алады.
Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов трилогияға: «Еуропа үлгісінде» жазылған тұңғыш шығарма»,- деп баға берген.
Автор отарлық езгіден қиналған халық бостандығы мен бақыты үшін күрескен ерлердің жиынтық бейнелерін (Хакім, Әлібек, Әділбек, Шолпан, Нұрым) жасаумен қатар, нақты тарихта болған адамдардың (Дмитриев, Әйтиев, Қаратаев, Белан, т.б.) өмір жолын шебер суреттеді. 1963 жылы трилогияның заңды жалғасы болып табылатын «Көп жыл өткен соң», ал 1970 жылы «Ағайынды Жүнісовтер» романдарын жазды. Соңғы екі кітапта жаңа өмір құрған елдің сан қырлы тұрмыс-тіршілігі мен әділет үшін күресі, адамның азамат ретінде қалыптасуы шынайы бейнеленген.
«Ақ Жайық» трилогиясы мен «Көп жыл өткен соң» роман-дилогиясы 5 кітаптан тұратын тұтас эпопея іспетті. Жазушы өмірінің соңғы жылдары «Қарт қазақ», «Жайын ілерде», «Жар», т.б. әңгіме, очерк, әдеби-сын мақалалар жазды. 1978-1981 жылдары жазушының 6, ал 2014жылы 7 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Жазушы көркем аударма саласында да өнімді еңбек етіп, М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының 1-ші және 4-ші кітаптарын, И.Тургеневтің «Рудин», И.Шуховтың «Өшпенділік» романдарын, А.Пушкиннің «Дубровский» повесін және т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар бастауыш, орта мектептер үшін оқулықтар жазды. Ақын Сағат Әбдуғалиевтің «Хамза Есжанов» атты өлеңінде зұлмат жылдардың құрбаны болған қаламгердің тартқан азабы, көрген қиындығы, сатқындардың құнсыз тірлігі баяндалған. Бүгінде Орал қаласындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына қаламгердің есімі берілген. Қалам құдіретімен өткен тарихты екшелеп, оқырманға шынайы жеткізе білген жазушы еңбектерін оқығыңыз келсе, кітапханамызға келіңіз!
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының кітапханашысы: Ахмадиева А.С.