Биыл халқымыздың ерлігі мен бірлігінің айғағы болған Ұлы жеңіске 70 жыл. Осы атаулы мерекеге орай 22 сәуір күні кітапханамыздың оқу залында «Жеңістің өшпес шырағы» атты мерекелік кеш өтті. Кешке Ұлы Отан соғысының ардагерлері: Ақыбаев Мағзұм, Кузнецов Василий Павлович, Белоусов Василий Алексеевич, Пономаренко Серафима Григорьевна және тыл ардагерлері Дусмаилов Мендеш Шаяхметович, Зуйкова Клавдия Васильевна, Онгоева Анастасия Адамовна арнайы шақырылды.
Ардагерлер майдандағы және тылдағы сол кездегі зұлмат соғыстың жан түршігерлік зардаптары мен ерен еңбектерін еске алып, жастардың сұрақтарына жауап берді.
Жас ұрпақ әр жанұяны шарпыған соғыс өртінің әлі де дағы қалғандығын сезеді, біледі. Әрине, естеліктер мен тарих арқылы. Осыған орай, шара барысында «Естеліктер аллеясы» акциясы өткізілген болатын. Акция барысында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің, Сән және Фемида заң колледждерінің студенттері соғысқа қатысқан ата-әжелері жайлы әңгімелеп, олардың ерліктерін жиналған қауымға мақтанышпен паш етті. Майданнан жазған хаттарымен бөлісті.
Ардагерлердің мерекелік көңіл-күйін «Казачья вольница» ән-би ансамбльі мен Қарағанды техникалық университетінің студенттерінен құрылған өнер ұжымдары кеш бойына көтеріп, өз өнерлерін көрсетті. Кеш барша жұртқа кең танылған «Әлия» әнімен өз мәресіне жетті.