«Мен құштар әлем» блогы туралы

Ей, өлең қуған жарқыным,
өнер қуған жарқыным,
өтпесін сенің дұшпан ұйқымен әр түнің.
Мен үміт еткен ұрпағым болсаң, қалғыма,
өнеріңнің көрсет алмас қылыштай жарқылын,
Бұл жұмыр Жерде ұлымын дейтін халық көп,
көрсеткін сен де еліңнің айбат, ауқымын!

Ф.Оңғарсынова «Алмас қылыш» поэмасынан

Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Мен құштар әлем» блогы, ең алдымен өмірлерін әлеуметтік желілерсіз елестете алмайтын жастарға – Next ұрпақтары үшін ойластырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Астана мектептерінің түлектерімен кездесуінде әлеуметтік желілерде көп уақытты бос өткізбей, керісінше, көп оқу керектігін айтып, тіпті қандай әдебиетті оқу керектігіне кеңес берді. Елбасының оқу қажеттілігі жайлы айтқаны, кітапханашылар қауымдастығы үшін өте қуанатын жайт. Елбасының нақты қандай кітапты оқуға кеңес бергенін білмесек те, ол кітаптардың арасында - Ақын Фариза Оңғарсынованың да кітаптары бар екеніне сенімдіміз.

Бүгінгі күннің шындығына көз салсақ, қазіргі кезде жастарды Ғаламтордан және әлеуметтік желілерден айыру мүмкін емес, сондықтан кітапханалық қоғамдастықтың міндеті Ғаламтордағы мәдени контентті кеңейтіп, жас ұрпақтың сапасы төмен, жалған ақпараттарды айыра алатындай медиа және ақпараттық сауаттылығын тәрбиелеу. Блогта қойылған материалдар, әсіресе қазақ тіліндегі ақпараттар біздің қолданушыларымызға қызықты болады деген сенімдеміз, сонымен қатар, осы блог арқылы біз Ғаламтордың мәдени - маңызды сегментін кеңейтеміз, біздің ақпараттар, біздің жаңалықтар интернет - аудиторияға пайдасын тигізер деп ойлаймыз.

Блог құрастырушылар өз тараптарынан өздерінің пайдаланушыларына еркін материалдарды қолданатындарын, қажетті ресурстарға сілтеме жасайтындарын, блогқа шынайы ақпараттар жазатындарын және біреудің зерттеулерін рұқсатсыз жарияламайтындарын хабарлайды, ал сындарлы ұсыныстар мен қисынды сындарға құрметпен қарайды деп сендіреді.