Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй
Абай Құнанбайұлы
Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің қызметкерлері "Оқу" бағдарламасы аясында "Ақпараттық портал: Шектеусіз өнер" шарасының кезекті кездесуін көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінің "Архитектура" мамандығы II курс студенттерімен өткізді. Қазақ халқы ел үшін қызмет еткен аяулы перзенттерін ешқашан ұмытқан емес. Үлкен айтулы мерейтойлары аясында әртүрлі іс-шаралар үнемі өткізіледі. Биыл қазақ жазба әдебиеті мен мәдениетін биік сатыға көтеріп, небір асыл жауһар өлеңдер мен тамаша әндер тудырған, тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл Шығыс халықтарына танымал болған тұлға Абай Құнанбайұлының 170 жылдық және ұшы-қиыры жоқ қазақ даласын әнге бөлеген, сыршыл да сырбаз композитор, халқының мақтанышы Шәмші Қалдаяқовтың 75 жылдық мерейтойлары.
Осы кездесуде студент жастарға "Абайдың әндері мен күйлері", "Абай әндері", "Бақыт құшағында", "Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған" атты кітаптар таныстырылды. Студенттермен кітап және интернет жайлы пікірталас болды. Қазір техника дамыған ғасыр болғандықтан, қажетті мағлұматты ғаламтордан тез арада тауып алуға болатыны, кез-келген уақытта барлық ақпаратты интернет арқылы біле алатындарын айтты. Кітапхана қызметкерлері кітаптың орны ерекше екенін, барлық мағлұмат толығымен, нақты жазылатынын дәлелдеді.
Келесі кездесуде өз мамандықтарына қатысты - сәулет өнері тарихы, Қазақстанның алғашқы архитекторлары жайлы кітаптар әкелсе деген тілектерін де жеткізді. Студенттердің өз мамандықтары, яғни, архитектура жайлы мағлұматтары аз екені байқалды. Осы ретте, олардыоқуға қажетті кітаптармен оқып, танысу үшін кітапханаға шақырдық. Және де өнердің басқа саласына да қатысты қызықты әрі танымды әдебиеттерді "өнер" бөлімінен таба алатындарын айттық.
Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын болуы үшін жастар білімді, білгір, алғыр болуы керек. Кітап алға жетелейтін шамшырақ. Үлкен армандар мен биік мақсаттарды бағындыру үшін адамға білім керек. Ал, білім көзі – кітапта. Санасы жарық, ойы алғыр, мақсаты биік жастарды тәрбиелеу оқу арқылы жүзеге асырылмақ.