Абайтану әлемі

Абайтану: [ғылыми басылым] / М. Мырзахметұлы. - Өңд., толық., 2-бас. - Астана : Interactiv Kazakhstan, 2014.

Биыл 2015 жылы данагөй ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толып отыр. Қазақ елінің маңдайына біткен жарық жұлдызы, әлемге әйгілі Абайдың мұралары өзі өмір сүрген дәуірден бастап, қазіргі заманға дейін маңызын жоғалтқан емес. Уақыт өткен сайын кең насихатталып, қазіргі таңдағы келелі мәселелердің түйінін шешетін таптырмас қазына, өнегелі өсиетке айналуда.

2014 жылы Астана қаласындағы "Interactiv Kazakhstan» баспасынан белгілі Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлының 2 - томдық "Абайтану» кітабы жарық көрген еді. Ұлы Абайдың мұрасы, оның зерттелуі туралы жазылған құнды деректер мен мұрағат қазыналары бар осы ерекше еңбекпен кітапхана қоры толықты.

Бұл еңбектің басты мақсаты - Абайдың әдеби мұрасының зерттелу тарихы жайлы басталған игі істі жалғастырып, толықтыру.

Бір ғасырдан астам уақытта ақын мұрасын танып, бағалау жолындағы жетістіктер мен кемшіліктер осы еңбекте таразыға түскендей. Екі томдық жинаққа ұлы ойшыл ақын мұрасы жөнінде жазылған мақалалар мен зерттеу еңбектері жүйеленіп енген.

Автор бұл еңбегін үш кезеңге бөле қарастырып, жинақтаған. Бірінші тарауы "Абайтанудың алғашқы қадамы» деп алынған. Яғни, тарауда кеңестік билік кезеңіндегі абайтану тарихы баяндалады. Ал "Абайтанудағы М. Әуезов дәуірі» деп аталатын екінші тарау абайтанудың негізін салған ғылыми-творчествалық еңбегіне талдаулар жасай отырып, қарастырылған. Үшінші тарау "Абайтанудың М. Әуезовтен кейінгі кезеңі», яғни 1961-2014 жылдар аралығындағы жарты ғасырлық мерзім ішінде басылым көрген Абайтану тарихынан жазылған ғылыми-зерттеу еңбектерді қамтиды.

Абайды зерттеп, тану тұтастай қазақ халқының сол тұстағы қам-қарекеті, мінез-құлқы, сол кездегі қоғам мәселелерін ашып көрсетеді. Сол себептен де еліміздің зиялы, жазушы қауымының қай-қайсысы болмасын ұлы Абайға соқпай кетпейді.

Абай мұрасының тереңдігі осы еңбекте айқын көрінеді. Себебі, осы кітапта ұлы ақын жайында жазылған әдеби сын, мақала, дерек, мағлұматтар "Абайды оқы, таңырқа» бөлімінде беріліп отыр. 1905 жылғы Ә. Бөкейхановтың "Абай (Ибраhим) Құнанбаев» мақаласы, 1913 жылғы А. Байтұрсыновтың "Қазақтың бас ақыны» мақаласы, М. Жұмабаевтың "Алтын Хакім Абайға» атты өлеңі де осы еңбекте. Абайтанудағы Кеннан Джорджтың "Абайдың орыс достары», Ж. Аймауытов пен М. Әуезовтың "Абайдың өнері әм қызметі» және автордың "Абайдың ақындық кітапханасы хақында», "Абай мұрасының бірегей білгірі», "Абай лұғаты» т.б құнды зерттеулері осы кітапта жинақталған.

Абай өзінің өмірін  туған халқының көкірегін оятып, көзін ашуға, қазақ қоғамында әділдік орнатуға арнаған ақын. Сондықтан да оның өмірі, шығармалары тек қазақ халқы емес, әлем халықтарына үлгі болып отыр.

Бұл еңбектің тағы бір ерекшелігі – М.Әуезовтің абайтану саласындағы еңбектерінің тек қазақ тілінде ғана емес, сонымен қатар "Восхождение Мухтара Ауезова к Абаю» атты бөлімде орыс тілінде берілуі. "Ауезов - собиратель и текстолог произведений Абая», "Изучение биографии Абая - фундаментальная основа абаеведения», "Отношение творчества Абая к восточной классике в исследованиях М.О. Ауезова» тараулары Абай әлеміне терең бойлаймын деген қай оқырманға болсын осы кітап көптеген дерек берері сөзсіз.

Абайтану тарихының негізін қалап, өткенді ұмыттырмай, бүгінгі күні мен болашағын жарқын етуге бар күш-жігерін жұмсап жүрген ғалым Мекемтас Мырзахметұлының құнды еңбегі әр адамға ғибрат болары сөзсіз. Кітаптағы "Ғалым. Ұстаз. Азамат» атты бөлім абайтанудың көшбасшысы М. Мырзахметұлы жайлы көптеген тұшымды деректер берері анық.  С. Оразалиевтің "Мекемтас Мырзахметов - ұстаз ғалым», Н. Керімбаевтің "Мекемтас Мырзахметов - Абайды терең танушы», Ж. Шойынбеттің "Абайтанушы ғалым немесе ұстаз туралы толғаныс», Д. Мұхамедиевтің "Ұлттық намыстың қамшыгері» сынды тағы да басқа мақалалар абайтану мектебінің бүгінгі күнгі бас ұстаздарының біріне айналған М. Мырзахметұлына арналған.

Ал  біздің кітапхана қорында М. Мырзахметұлының"Абай жүрген ізбенен», "Әуезов және Абай», "Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары», "Абайды оқы таңырқа» сынды көптеген еңбектері бар. Сондықтан, құрметті оқырман, ұлы кемеңгер мұрасы жөнінде құнды деректер мен тағылымды ойлар алғыңыз келсе, Абайдың өмірі мен мол мұрасын танығыңыз келсе – "Абайтану» кітабын қолға алыңыз!