Фариза Оңғарсынова // Жиырмасыншы ғасыр жырлайды: Қазақ поэзиясының антологиясы: екі томдық. - Алматы : Раритет, 2007 - Т. 1. – 425-444 б.

Обложка: 

Автор: 

Абдрахманов Сауытбек

ФАРИЗА Оңғарсынова поэзиясы қазақ жырындағы қыз-келіншектер өлеңдеріне ғана емес, жалпы ұлттық рухқа, халықтық болмысқа қатысты көптеген қасаң, қалыптарды қақыратып өткен қасиетімен қымбат танылады. Біз қай заманда да халқымыздың, әйел-анаға, сүйген жарға, қыз балаға құрметі бөлекше болды десек қазақ қызды жасытпай, жарқылдатып өсірді десек олардан батыр да, ақын да, көсем де, шешен де шықты десек соның бәріне даусыз дәлелді Фариза жырларынан табамыз. Оңғарсынова өлеңдері қазақ қызының біз айрықша ардактайтын асыл қасиеттерін — жан тазалығын, ар тазалығын, шыншылдығын, сыршылдығын, батылдығын, ақылдылығын, аяулы сезімі мен қаяулы көңілін кір шалдырмай ұстауға ұмтылатын асқақ аңсарын айрықша көркем күйде ақ қағазға төгілте түсіріп бергенімен қымбат. Ә дегеннен әдеби ортадан жырақтау жүріп, жыр жарысына жетпісінші жылдардың бас жағында ғана қосылған Фариза өлеңдері қазақ поэзиясына өзіндік үнін ала келді дей салу аздық етеді. Фариза — қазақ рухына әсер еткен ақын. Сексен алтының желтоқсанында Алматының қақ ортасындағы қарлы алаңға шыққан қарындастарымыздың арасында Фариза жырынан жанына жылу алғандар аз болмағаны анық. Онсыз да қыз баланы бөлекше қастерлейтін халқымыз Фариза өлеңдері арқылы әйел затының қадыр-қасиетін бұрынғыдан да биік бағалай түсті деудің ешқандай артықтығы жоқ. Фариза өзіне дейін «қыз-келіншектер поэзиясы» деп аталып, кеңдікпен, кейде тіпті кешіріммен қаралып келген ұғымға да басқаша сипат берді. Поэзияда жаңа өлшем орнатты. Біз ақын жырларының жумасақ лиризмін, жұмбақ табиғатын әлі де ашып көрсете алмай жүрміз. Автордың күнделікті өмірдегі қалпына қарап оның жырларынан бірыңғай асқақтық, кілең бір өрлік іздей беру де қате ұғым. Шынтуайтуында, әйелдің әлсіз әлемінен шыққан Фариза жырларының табиғаты нәзік тіпті қорған сыз болып келеді. Ақын жырларының күші де сол әлсіздігінде. Антологияның бүл ұсынымындағы «Әйелдің монологы» соншалықты дәл табылған поэтикалық ырғағымен де, шыңғырған шындығымен де, сыздатар сыршылдығымен де, адамның ең бір жан түкпірінде жататын интимдік сезімдерді жалаңаштай жаздап барып қайтадан жарқыратып алып кететін ғажайып шеберлігімен де қайран қалдырады. Сұрапыл сезім суретінің мұндай үздік үлгілерін әлем әдебиетінің қазынасына қысылмай қосуға болады. Ашығын айтар болсақ, Фаризаның махаббат лирикасындағы жекелеген өлеңдер Ахматова мен Цветаеваның сөз қадірін білер жұрт мінәжаттай жаттайтын жауһар жырларынан бірде-бір кем емес. Сондықтан да Фариза Оңғарсынова поэзиясы өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ әдебиетінің бөлекше құбылысы болды, сондықтан да Мұқағали «жігітінен қазақтың дос таба алмай» қиналғанда жүрегін жегідей жеген жан сырын Фаризаға айтты, сондықтан да Фариза жырларының рухы нәзік өрліктің, сыршыл ерліктің бейнелі баламасына айналды. Қазақ өзінің Фаризасын, аяулы ақын қызын сол үшін де қадірлейді, қастерлейді.