Обложка:
Арғы-бергі қазақ өлеңіндегі ат төбеліндей жұлдызды шоғырдың ішінде Фариза Оңғарсынова атты тұтас бір творчестволық әлемнің де бар екені айдай ақиқат. Ол әлем, әрине, жылыға орап, жұмсағын алдына тартып, сені бойкүйез, бей-жай күйге түсіретін, бір сәтке болсын өткеніңді ұмыттырып, ертеңіңді естен шығаратын көгілжім аспан астында көз бен көңілді қатар арбап көсіліп жатқан көкорай шалғынды әлем емес. Ол әлем — дауыл тұрғызып, дабыл қақтырып тұрған әлем. Ол әлем — шарпылыстар мен тартылыстардан, қақтығыстар мен соқтығыстардан, бұлқыныстар мен сілкіністерден тұратын әлем. Яғни ол творчестволық әлемнің климаты — төбеңнен себезгілеп сәуле төгіп, әлсін-әлсін аспаннан жаңбыр бүркіп, табаныңа шүйгін шалғынның ұлпа мамығын төсеп, жаныңды жадыратып, рахатқа бөлер субтропикалық жібектей жұмсақ климат емес, ол творчестволық әлемнің климаты — аңқаңды кептірер аптап пен аңызақтан, құтынды қашырар құбылған боран мен сақылдаған сары аяздан тұратын субконтинентальді қатал климат. Сондықтан да оның поэзиясы - өз оқырманының көңілін аулап, кішкентай кірбің ренішін жуып-шаям деп сылап-сипап, бәйек бола қалатын елгезек поэзия емес, қайта қалғып кеткен оқырман көңілін алай-дүлей етіп, астан-кестеңін шығаратын, кірбің-ренішін күл етіп ұшырып, оның жан жүрегіңдегі жараны қандауырмен қанын сорғалатып тұрып сылып тастайтын адуынды поэзия.