Биылғы қыстың ауа-райын болжау қиын болып тұр. Бүгін күн күрт жылып кетсе, ертеңіне боран соғып, аяз тұруы да ғажап емес. Күн райының қолайсыз кезеңінде сүйікті кітабыңды жайлы жерде тағы бір рет парақтау мен үшін уақытты өткізудің ең керемет көрінісі.
Кітап – асыл қазына болса, сол кітаптардың ордасы – кітапхана – бүгінде жұрт назарынан тыс қалып қойды ма? Заман талабына сай кітапхана да жарнамалауды қажет етеді ме? Кітапханашыларды мазалаған сұраққа жауап іздеген жас мамандар «Н.В. Гоголь атындағы кітапханаға келудің 7 себебі» бейнеролигін жасауға құлшына кірісіп кетті. Қандай да істі терең қарастыратын тәжірибелі мамандар жұмысты оқырмандардан бастау керек деген ұсыныс жасап, «Гоголевка» кітапханасын немен байланыстырасыз» деген жалғыз сұраққа оқырмандарға жасырын түрде жауап беруге ұсынды.Бір күнге ғана созылған сауалнама оқырмандардың жалпы көзқарасын анықтап берді деуге болады.
Мұндай құнды парақшаларды жай ғана қоқысқа тастау мен үшін қылмыспен бірдей болып көрінді де, оқырмандар лебізін баршаға жариялауды жөн көрдім.
Сонымен, «Гоголевка» кітапханасы туралы оқырмандарымыз жылы да сүйіспеншілікке толы ойларын жасырмай жазған.
Көпшілік кітапханамызды туған үйіндей көреді екен! Бұдан артық мадақ пен мақтаудың қажеті бар ма?!
Әрине, кітапхана барша үшін рухани баюдың негізгі мекені.
Қажетті кітаптарын кәсіби түрде тез және толық көлемде тауып беретін кітапханашыларға да алғыс сөздер аз емес. Осындай жылы лебіздерді оқыған кезде жұмысыңның маңыздылығы мен қажеттілігін сезініп, аса жауапкершілікпен қарауға тырысасың.
Кітапхана клубтарының жұмысы да оқырман назарынан тыс қалмапты. Біреулерге қазақ және ағылшын тілдерінде сөйлеуге жаттықтыратын курстар маңызды болса, басқалар үшін тоқу шеберлігін шыңдайтын және компьютерлік сауаттылықты арттыруға көмектесетін курстардың маңыздылығы бірінші орында екен.
Иә, бір күндік сауалнама арқылы жылдар бойы жүргізген жұмысымыз туралы ақпарат алып, көңіліміз көтеріліп, оқырмандарымызды бұрыннан да ыстығырақ көре бастағандаймыз!
Әрине, оқырмансыз кітапхана жетім баладай, әркімге жалтақтап, алақанын созып, жасық болуы да мүмкін. Дегенмен, бүгінгідей оқырманы бар кітапхана әлі де тік жүріп, адымдап алға басары сөзсіз!
Баян Уатаева