Көктем айы – тынысыңды ашып, тіршілік атаулыны ұйқыдан оятатын мезгіл екені баршаға аян. Жылдың осынау бір рет қайталанатын маусымы түрлі мерекелерге толы, соның бірі әрі бірегейі "8 наурыз - Халықаралық Әйелдер күні" мерекесі болып табылады.
Жер-Ана жасарып, гүлдер қауызын жарып, Мама-Ағаштар бүршік атқан шақта тойланатын мерекеде табиғат ананың өзі де мейірлене түседі. Жүрегі махаббатқа, дидары мейірімге толы асыл жандар - аналар. Ана – бұл еш теңеуі жоқ, алып құшақ пен ыстық алақан иесі. Ақын-жазушылардың музасы мен өлеңіне арқау болатын да осы әйелдер қауымы. Олар жайлы жазылмаған дастандар, романдар кемде-кем. Кешегі "Хауа-Ана", "Домалақ-Ана" Зере мен Ұлжандардың тамыры бүгінгі біздің аналарымыз. Ең мықты махаббат та соларда.
Әлемнің тыныштығын Ер түзде қорғаса, ал Ана бесігін тербейді. Қазақ қашанда қызын Ханшайымдай санап төрге отырғызған, қылықты етіп өсірген. Оның болашағына алаңмен қараған. Бүгінгі бойжеткен ертеңгі ошақ түтіні.
Кітапхана ұжымында қызмет ететін Әйел-Аналар мен аруларды және де барша Қазақстандық әйелдер қауымын айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Құттықтай отыра дендеріне саулық, бастарына амандық, отбасыларына бақыт пен береке тілеймін!
Қаламымнан туған өлең жолдарын қабыл алыңыздар
Анама
Бақ жұлдызым әрқашан жанады ерен,
Құс болып қанат қағып барады өлең.
Мәңгілік мейіріңе шөлдейтұғын,
Мен саған сәби болып қала берем.
Түн ауып кеткен шақта мазамды алған,
Келгенде шуақ шашып азанды арман.
Мәңгілік мейіріңе шөлдейтұғын,
Жыр жазам ешкім әлі жаза алмаған.
Ана мен – халқыңның баласымын,
Өсірдің, жетілдірдің Алаш-Ұлын.
Осындай ғазиз-жүрек адамдардың,
Самайын ақ шалдырма, қарашығын.
Түн ауып кеткен шақта мазамды алған,
Келгенде шуақ шашып азанда арман.
Мәңгілік мейіріңе шөлдейтұғын,
Жыр қалсын – ешкім әлі жаза алмаған.
Еркебұлан Елеусізұлы