Жыр шежіресі сонау Орхон ескерткіштерінің жазбасында. Сөз зергері – Күлтегін, Тоныкөк, жыраулар поэзиясының көші – Қазтуған Сүйінішұлы, Асан қайғы, Ақтамберді, Бұқар жыраулардан бастау алады. Тоғышардың кеңірдегін суырып, шаршы топта сөз бастау – екінің бірінің иығына қона бермейтін, екінің бірінің бақшасына гүлше біте бермейтін Тәңір сыйы.
2006 жылы 8 ақпан күні облыстық Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың жанынан "Жыр–Жауһар" поэзия клубы құрылды. Бұл клубтың ашылуы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген еді.
Клубтың мақсаты – өлең атты мұзарт шыңға қол созған, жауқазын жыр жазуға құлшынысы бар талабы биік таланттарды қолдау, Алаштың атын аспандатқан қазақтың аймаңдай ақындарының өлең-жырларын дәріптеу, кеңге құлаш жайған қазақ поэзиясына жастарды баулу болып табылады.
Жас таланттардың бастарын қосып, ошақтың отын өшірмей келе жатқан Үлкен орта – жастар әдебиетінің негізгі тамыры болып табылады. Алғашқы мүшелері, студент жастар – Алмаз Мырзахметов, Қуаныш Медеубаев, Берікбол Амангелдиев, Панзат Жұмағұлова сынды жас өрендер осы аталмыш клубтың қабырғасын құрып, шашбауын көтерген еді.
Арқаның арқалы ақындары, әдебиетші ғалымдар мен қаламы қарымды журналистер, дүлдүл әншілер мен күйшілер, таланты актерлер мен басқа да өнер адамдары, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жанашырлары "Жыр-Жауһар" поэзия клубының ұйымдастыруымен өтетін барлық іс-шараларға қатысып, қолдарынан келгенше қолдау, демеу көрсетіп келеді. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан Ұлы көштің дәуренін салып жүрген "Жыр-Жауһар" поэзия клубының бүгінгі қарқыны марқайтып, көз қуантады. Клуб мүшелері қала мен облыста өткізілетін барлық әдеби шараларға ат салысып, республикалық, облыстық деңгейдегі мүшайраларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Республикалық, облыстық баспа беттерінде өлеңдері жиі жарияланып, алғашқы жыр жинақтары да жарық көруде.
Өткен жылы клуб мүшелері – жас ақындарға Ғалым Жайлыбай, Жүрсін Ерман, Серік Ақсұңқарұлы сынды еліміздің аймаңдай ақындары "Шеберлік сыныбын" өткізді.
Жалпы, кітапхана ордасындағы "Жыр-Жауһар" поэзия клубы Қарағандының үлкен жыр мектебіне айналды десек, асылық емес. Қазір мүшелікте 30-ға жуық жас ақын-жазушылар бар.
"Жыр-Жауһар" - әдебиет көгіне қол созған жас бәйтерек.
Күз. Біз әлі қарбаласқан қаланың екпіні тау жығардай ағысына бойымыз үйрене алмай жүрген кез. Алақандай ауылдан алты күн шапқан ат шетіне жетпейтін тас үйлердің орманында әлі де өзімізді таба алмай жүрген күз. Әр кездескен адамның жанарыңда осы күнге дейін іздеген бақытың жатқандай үміт жетегіндегі кез. Өз әлеміңе келген көктем мен Қарағандыға енген күз тайталасып, жауған жаңбырдан көктем иісін іздеп танауымды көтеріп, кешегі жолымды қайта басып кітапханаға барғам. Мұнша көп кітапты өмірімде көрмегем. Бәрін де оқығың келеді, бәрін де ақтарғың келеді – тек қайсысынан бастайтыныңды білмей дал боласың. Кітапхананың екінші қабатында әдеби-мәдени бағыттағы әлде бір клубтың ашылу салтанаты өтіп жатыр екен. Бүгін "Замана дейтін - үлкен көлдегі, уақыт атты соққан желге" жастық жалынын желкендей жайып, жүрегін компас қып бір топ жастар әдеби-мәдени әлемге араласпақшы. Мен де ойланбай жазылып ем... "Жыр-Жауһар" поэзия клубымен – тұсауын арқаның айтулы азаматтары кесіп – қазыналы Қарағандының өнер қазанына қарымды қадамдар жасап, етене араласып кеттік.
Содан бері аттай 6 жыл өтіпті. Бір атаның баласындай, жұмылған жұдырықтай болып кеткен клуб мүшелері қайыспас қабырға, алынбас қамалдай. Өзіндік дәстүрлері мен ерекшелігі бар "Жыр-Жауһар" поэзия клубының өнер майталмандары – жас ақындар, журналистер, суретшілер, мәнерлеп оқу шеберлері, әнші, бишілермен толықтырылып, ертегідей күн санап емес, сағат санап өскені көз алдымда. Менің көз алдымда ақын Қуаныш досыммен алғашқы балаң жырларды оқып, клубта бос уақытымызды сарқитынымыз, егіз тағдырларымызды тілге тиек етіп, біз аяғымызды басқан өлең әлемінің өлкесі жайлы өрелі ойлар айтатынымыз. Менің көз алдымда жүректі сарқып, көңіл көгінде қалқып шыққан махаббат жырымды сүйіктіме алғаш оқығаным, домбыра, гитарамызды асып алып саябаққа барып барлық клуб мүшелері ән мен өлеңнің қанатында қалықтайтынымыз. Менің көз алдымда ұлы ақын Ақсұңқарұлы Серік ағаммен танысқаным. Менің көз алдымда...
Замана – үлкен көлдің толқындарының бірі болып, келе-келе өз ортамды табуым, өз толқыныммен өнер эстафетасының шырағын алып алтын көпірліктердің бірі болуым, "толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады, толқынмен толқын жарысады" деп күн ұлы, ғұн ұлы Мағжан айтқандай ағаларымды қуып жетем деп, соңымнан ергендерден қашқаным – бәрі клубтың айналасында өтіпті. Қандай да бір бастамаларымның өзі "Жыр-Жауһар" поэзия клубының тағдырымен тамырлас. Мен сондықтан аталмыш клубта бір маңызды тамырым бар деп есептеймін. Сондықтан мен қайындай бір биікті бағындырғанымның, жетістікке жеткенімнің бір ұшы "Жыр-Жауһар" поэзия клубы қабырғасында жүріп алған, үйренген өмірлік білімнен деп есептеймін. Егер ол тамырым үзілсе менің өнер нәрінен айырылып қалатыным хақ.
Облысымыздағы айтулы шаралардың алдында жүрген "Жыр-Жауһар" клубы әдебиет көгіне қол созған бәйтерек. Жас болса да жапырағы жайқалып, бұтақтары бекіп, тамыры тереңдеп барады. Қарағандының құнарлы топырағы әлі де талай-талай талантты тарландарын, тас түлектерін қанаттандырар алдында клуб бәйтерегінен ұшырады деп білем.
Күнделігімдегі қолжазбадан:
8.02.2006.
"Бүгін Мұқағалидің туған күні. Және бүгін жаңадан ашылған "Жыр-Жауһар" клубына жазылдым. Жақсы ырым деп есептеймін. Мүмкін бүгін ғана маған Қарағандының әдеби ортасы (әлем әдебиетіне де) есік ашқан шығар. Кітаптарын оқып жүрген үлкен ақын-жазушылар келіп тұсауын кесті. Алдыдағы өмірім аса қызықты сияқты көрінеді, сондықтан ертеңгі күнге асығып тұрмын..." - деп жазылған бетті ешкім жыртып ала алмайды. Тіпті жыртып тастағанның өзінде ол өмір күнделігіне тіркеліп кеткен. Мен сол үшін мақтанамын, мен сол үшін "шүкір" айтамын. Сүйікті "Жыр-Жауһар" клубына ғұмырлы болғай дегім келеді.
Алмаз Мырзахметов